Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  204


Автор: Түбек Байқошқарұлы

ТҮБЕК ПЕН ҚЫЗ

Түбек ақын қартайып, ақылынан танып, азуынан шалып
қалған уақытта, көкірегі кірілдеп, көзі іріңдеп отырғанда,
бір ақын қыз шығып, тұсындағы жігіттерді тойда беттетпейді, қызбен неше қабат жігіт айтысып, қыз жеңе береді.
Жəне бір той болып жатыр екен, бозбалалар жиналып
Түбекке келеді.
– Біз бір қыздан қорлық көрдік. «Бөрік кигеннің намысы
бір», – деген. Сізге келіп отырмыз, – деді.
Сонда Түбек:
– Қарақтарым, мен қартайдым. Қыздарыммен бірдей
баламен айтысу болмайды, – деді.
Жігіттер болмай, қолтығынан сүйеп, қолынан жетектеп
алып жүреді. Қыздың тұсына алып келіп, аппақ қудай қылып, астына аю терісін төсеп, тері қара домбырасын қолына
беріп, отырғызып қояды.
Сонда Түбектің қызға қарап айтқаны:
Жігітте бақ тұра ма, мал тайғанда,
Береді кім əпкеліп, жантайғанда?
Ақын қыз, көңлімді көтере айтшы,
Тұсыңа келіп тұрмын қартайғанда.
Атым жоқ ат дейтұғын, атым – Түбек,
Келіндер атамайды, «Күлсалғыш», – деп.
Шырағым, көңлімді бір көтерші,
Тұсыңа балапандай келдім түлеп.
Қыз:
Түбек-ай, егіз өліп, сегіз қалды,
Байларда мінілмеген семіз қалды.
Қар жауып, ақ басыңа мұз түсіпті,
Түбеке, неңіз өліп, неңіз қалды?
 
Түбек:
Өлді де бай шолақ ит, башар қалды,
Кедейлеп хан баласы, нашар қалды.
Бар еді үш жабдығым, екеуі өліп,
Астымда қызыл сояу қашар қалды.
Қыз:
Түбеке-ау, олай болса, неге келдің?
Қыздардың жігіт пенен көңлін бөлдің.
Өзіңе қартайғанда қыз қарай ма,
Түбеке, құр кеудеңді қойсаңшы енді.
Түбек:
«Келмеймін», – десем-дағы, көп ап келді,
Көтеріп, қолтығымнан демеп келді.
«Тананы кəрі бұқа қашырады,
Сүргенін көрелікші», – деп ап келді.
Қыз:
Астымда мінген түйем ақ бас еді,
Біздерге шалдың сөзі жақпас еді.
Бəрі де сендей шалдың жерде жатыр,
Қай жақтан өлмей жүрген қақбас еді?
Түбек:
Қаққамын алтын қазық бесігіңе,
Тағамын жібек шашбау есігіңе.
Бəрі де мендей шалдың жерде жатса,
Қарағым, тірі жүрмін несібіңе.
Қыз:
Түбеке, көрінесің атамыздай,
Шалменен атамыздай жатамыз ба-ай?
Қу шалдың қойны суық, аузы сасық,
Қалшылдап таң атқанша қатамыз ба-ай?
 
Түбек:
Шырағым, атым да – абыз, өзім де – абыз,
Дəріні менде жүрген азсынбаңыз.
Ілгері жігіттен де қалған маңыз,
Қолыңмен сүйеп бар да, жалғыз тамыз.
Қыз:
Өгіздің тұсқа салса, күші мешеу,
Құдайдай кебір болар, екеу десе-еу.
Жетілген жеті өнерің шал екенсің,
Жұлдыздың аспандағы саны нешеу?
Түбек:
Бола ма көлде қаймақ, мұз болмаса,
Дəм бар ма жылқы етінде тұз болмаса.
Жұлдызды аспандағы еркек білмес,
Көп жатқан шалқасынан қыз болмаса.
Қыз:
«Əулие біріншіде – тұз», – дейтұғын,
«Əулие екіншіде – қыз», – дейтұғын.
Екенін қыз əулие сонан байқа,
Түн қатып еркек сорлы іздейтұғын.
Түбек:
Болады сүті сұйық боз биенің,
Болады мойны ұзын нар түйенің.
Дейсің де: «Қыз əулие», мақтанасың,
Бола ма шабы жарық əулиенің?
Қыз:
Ойласам, тамам ақыл сізден шыққан,
Ойласам, тамам дария көлден шыққан.
Екенін қыз əулие сонан білгін,
Ақындар сіз секілді бізден шыққан.
 
Түбек:
Шырағым, шоттың сабын, шоттың сабын,
Тілегенде, ұстармын қыздың шабын.
Ақындар біздей-біздей сенен шықса,
Не қып жүр, түсіп кетпей ішек-қарның?
Сонда қыз тоқтап: «Атамыздай кісі екенсің», – деп
сұрады.
Сонда Түбектің берген батасы мынау еді:
Ұлың болсын орынды,
Қызың болсын бұрымды.
Үйден қадам шыққанда,
Қылсын Құдай жолыңды.
Қол бастайтын біреу тап,
Той бастайтын біреу тап,
Құдай берсін, аруақ! –
деп бата берген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу