Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  101


Автор: Арман Әділбек

Әйнектің әңгімесі

Іш жақта
Мүлгіп отырған адам,
Сырт жақта
Жапырақтары сарғая бастаған ағаш.

Бөлме іші
Кітапқа толы,
Үстелде шарап құтысы мөлдіреп тұр,
Күлсалғыш,
Шалмадай шұбатылған көгілдір торғын түтін…
Сырт жақта
Жапырағы қураған ағаш.

Іш жақта
Меңірейген тастай суық қабырғалар,
Тат басқан кліт.
Сырт жақта
Қарғалар қауырсынын сылай ұшқан суық жел
Үзіліп жатқан жапырақтар дыбысын ертіп
Аулаққа зулайды.

Іш жақта
Өлген шыбын,
Қара қабықты қоңыздың қаудырлаған мәйттері,
Сырт жақта
Арсиған ақсоңке бұтақтарының ұшы
Аспанға тесірейген ағаш.

Терезедегі сынық әйнек хикая бастады…
Оның айтуынша:
Тырналардың әуелеп ұшқанын
Әйнектен көруге болмайды- мыс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу