Өлеңдер ✍️

  02.01.2022
  250


Автор: Ардақ Нұрғазұлы

Cөз

Империядан қалған сарайдың төбесінде тұрған жалау тыныш
Сезеді алыстан дауыл көтерілгенін
Мерекеден кейінгі алаң қаңырап бос тұр
Тереңде жүзген адамның теңіз түбіне түскен көлеңкесі секілді

Шырмауық гүлдің сабағында дамылдаған күндер
Қауашағын түнде ашады
Өзенді кері бойлап жүгірген балалық шағым
Аққан жұлдыздармен жарысып барады

Сіріңкенің бір тал шрпысын тұтатқанда, Тарих,
Ақ қағаздың бетіндегі қара ноқат жарқ ете қалады
Із аңдыған қара мысық қараңғыда үнсіз тың-тыңдайды

Түсімді жұмарлап, ұсақтап жыртып
Аспанға шашып жібердім
Өмір бойы жатыққан бір күйді ақыры шертіп болып
Ақырғы рет шанақты қағып тоқтағандай
Шексіз биіктен қапалақтаған ақ жоңқа, ақ қарға
алақанымды тостым

Сөз
Табақтың шеңберін бойлап жүйіткіген құйын
Ұмытудың соңынан қуып барады
Сөз
Қараңғыда аз кідіре тұршы
Шуағың шеңбердің шегіне жетсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу