Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  201


Автор: Серік Сағынтай

Түнгі көл суреті

Кербез көлдің аяздай түнгі лебі,
Жым-жырт түнде жырқылдап жын күледі.
Жағалауда тоңады құм қалтырап,
Жел сүйресе, күрсініп қырға ұмтылад.
Жарқабақтар мүлгиді сыз қамалап,
Көлдің ернін құрсаулы мұзға балап.
Жағаны іздеп қаңғыған толқындар да
Көзін жұмып қалғыған, көл тынғанда.
Кемелер тұр сұстанып түнге өкпелі,
Қайықтарға су сіңіп дірдектеді.
Қалш-қалш етіп құм байғұс тыр жалаңаш,
Әлденеге жырқылдап жын ғана мас.
Қала жақта болған-ау күні бойы,
Түнде оңаша қыдырмақ — мұның ойы.
Әлде, серік тапты ма, кім біледі?!
(Бір білсе оны, тұңғиық түн біледі).
Қайта-қайта шулатып қамыстарды,
Батпақ шашты, көл болса намыстанды —
Түнеріп ап лақтырды толқындарын,
Жел де өзгертті оп-оңай сол түнгі әнін.
Құм байғұс та долданып шашын жұлды,
Қала жаққа қамыстар басын бұрды.
Жайын шоршып, көл бетін айпар қылды,
Санын шымшып, шарылдап шайтан күлді.
Қала жақтан үн шықса басқа бөтен,
Гитарамен ән айтқан жастар екен.
Шу көбейіп күрсінді өр кемелер,
Дақпыртын іліп алып жел жөнелер.
Қаладағы қаптаған шуылдақтың,
Әдеті ғой қызып ап көлге келер...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу