Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  99


Автор: Сырбай Мәуленов

Синявино шоқысы

Дүрілдеген күні-түн
Ормандардың от іші.
Болдың сонда үмітім,
Синявино шоқысы.
Ысқырып оқ жалаңдап,
Түсіп жатты төбеңе.
Тұрдың жалғыз алаулап
Ұқсап жанған кемеге.
Тартып өңің қара-сұр,
Тұрдың сонда теңселмей.
Өрт ішінде жанашыр
Жақын таптым мен сендей.
Орманынан айрылып,
Отақ оранған бұл дала.
Қара тұтып қайрылып,
Қарай бердім тұлғаңа.
Сенің биік тұрғаның
Медеу болды көңілге.
Қарт емендей сынбадың,
Мықты екенсің, тегінде.
Талай өткел қалды артта,
Бір өзіңнен от алдым.
Көріндің сен солдатқа
Бейнесі боп Отанның.
Дүрілдеген күні-түні
Ормандардың от іші.
Болдың сонда үмітім,
Синявино шоқысы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу