Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  121


Автор: Сырбай Мәуленов

Сырнай

Жанында көк төбелі жабық қырман,
Бір топ жас ойнап жүрді салып думан.
Көп қарап, көзі талып бірте-бірте,
Алтын күн сырғанады ауып қырдан.
Жиілеп кешкі оттардың аралығы,
Әр жерден қайта туды дала күні.
Оттардың арасынан тұрды қарап,
Ойынға колхоздың қарт қарауылы.
Жететін талықпастан таң шағына,
Кім білсін өткен күнін аңсады ма.
Қабағын қолыменен көтерді де,
Арбиған қарап қойды саусағына.
Күйшіл қарт тұра алмады жаны шыдап,
Сырнайын жас жігіттің алды сұрап.
Бақандай саусақтары жоқ боп кетті.
Лапылдап көне көзде жанып шырақ.
Шал іштей әлдене деп күбірледі,
Құлаққа талып нәзік бір үн келді.
Әлде оның алыс қалған жастығы ма,
Ақықтай асау теңіз түбіндегі.
Бір кезде әлденеге елеңдеді,
Тұнық күй тулап шықты тереңдегі.
Тасырлап ботинканың табандары,
Көйлектер көз алдында көлеңдеді...
Қутыңдап қарап алып жан-жағына,
Шал тұрды жеткендей бар арманына.
Риза шығар, бәлкім,
кәрі кеуде,
Әлі де жастық оты қалғанына.
1957




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу