Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  92


Автор: Сәкен Иманасов

Құр мақтан

Көзімін бе көненің,
өзімін бе мықтының —
бастық еді —
алдымнан
машина алып шықты інім,
сол-ақ екен ағайын
аяғынан тік тұрып.
төбесіне көтеріп,
дүрлігісті құтты күн...
Қауқылдасып кәрісі,
жарқылдасып жастары,
мәртебемді менің де
бір көтеріп тастады,
Менменсіген дүлейді
маңайымнан жүргізбей,
үрейді де манағы
ұмыттыра бастады.
Айналдым ба тәңірге —
айналаның бәрі асқақ
ымдағаным — әмір де,
тыңдағаным кәрі аспап,
той-думанын қызықтап,
кете бердім ауылдың
көкіректе қамалған
ойдың бәрін аластап.
...Әй, мақтаншақ қазақ-ай!
оңбайтын-ақ шығармыз,—
дүрмекке де қайдағы,
құрметке де құмармыз,
күпінуге келгенде
алдымызға жан салмай,
билік десе бүлініп,
жүгініп-ақ тұрамыз!
Дәрежеден дәмелің —
жоралғыны,
жолды іркіп,
үлкен-кіші ұлықтан
былайғы жұрт болды үркіп.
Құрмет көсек —
күпініп,
елпілдедік баладай,
жүргеніне қарамай,
бәрімізді сол құртып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу