Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  122


Автор: Анар Шамшадинова

Өмірімнің мәнін таппай егілдім

Өмірімнің мәнін таппай егілдім,
Махаббатым шындығы жоқ бір биік.
Арманға еріп, құр қиялға берілдім,
Жемқор қоғам жымиып тұр жылмиып.
Өлеңімді құшақтаймын жатарда,
Парнас таудың көлеңкесін көрмеген.
Күндіз көппен күліп жүріп қатарда,
Түнде жас боп сорғалайды кермек ән.
Сағыныштың сол мекенін таппадым,
Сүйгенімді күтер едім күнәсіз.
Барым осы.
Алдыңдамын, жаббарым,
Қандай азап бұйырасыз мына сіз?
Бақытты ойлап босқа өтті ғой жастығым,
Үмітім жоқ бұл жылдан да, бұл айдан.
Арзан сенім сірә, өзіме қастығым,
Жемқор қоғам қорықпайды Құдайдан.
Күлкім ащы, мұңым тәтті шекердей,
Шабыт шолжаң басымды көп қатырды.
Жемқор қоғам жемтігі боп кетердей,
Үйден шықпай,
Ештеңе ұқпай жатырмын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу