Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  175


Автор: Айтқали Нәріков‎

Студенттік әзіл

О, бәтеңкем, қара жорға тұлпарым,
Көп жүрістен жұқарыпты-ау ұлтаның.
Күні бойы жортасың ғой, көтеріп,
Еркетотай аяқтардың бұлтаңын.
Тақаларың көрінетін бұрын дәу,
Тозғандық па?
Басылады қырындау.
«Чарльстон» мен «Липси» деп жүргенде,
Тас еденге ыдырынып ұрылды-ау.
Осы сенің келіп тұрар кезегің,
«Жүдей» қалсаң, табылады тез емің.
Шөткіменен сауырыңнан бір сипап,
Тас көшені зыр жүгіріп кеземін.
Өзімше бір алмақшы боп ой түйіп,
(Ләззатқа шымырлайды-ау, бой күйіп).
Сауық кешке, театр мен киноға,
Күнде барам тобықтарым тойтиып.
Алдымда тұр сынақ деген алып шың,
Зейін қойып оқып жатыр халық шын.
Түк білмейтін студентке ұқсап сен,
Маған қарап «аузыңды ашып» қалыпсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу