Өлеңдер ✍️

  30.06.2021
  144


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бір құрлық бар түспеген қартаға әлі

Бір құрлық бар түспеген қартаға әлі,
сыйғызардай төсіне сан қаланы.
Ғалымдар да білмейді оны әзірше,
тек арнайы іздеген жан табады.
Кездеспейді мұнда ешкім қақпан құрған,
елдері бар бір-бірін мақтан қылған.
Сәуле құйып бәріне бір шаңырақ,
бір босаға сапарға аттандырған.
Енгендейсің ғажайып ән еліне,
жоқ саясат, топтардың әлегі де.
Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды
бір-бірінің ішкі істер әлеміне.
Шақырғандай ертеңге арман аппақ,
әз ұяның үрейсіз таңдары атпақ.
Үлкен-кіші бір-бірін аялайды
шұлғымай-ақ бас изеп, жалбалақтап.
Берген маған сол құрлық алыс бағдар,
бұл – біздің үй, білетін таныс жандар.
Елдер – патша көңілді, арыстан жал
сол үйдегі ірі-ұсақ данышпандар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу