Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  145


Автор: Марфуға Айтқожина

Дәметкен

Сұрау салып, кідіріп әр өткелге,


Кеш бата жеттік-ау бір Дәметкенге.


Сапырған сүт бұлағын сауыншы ол,


Дәметкенге жетем деп әлектенбе.


Бөртпе салы басына салындырып,


Алып келді аруды малындырып.


Ақын кеуде кеткенде ағытылып,


Менің де жүре берді жаным жылып.


Дәметкен тұр әуенін бастап тағы,


Дауысы бізді көріп асқақтады.


Сауыншы болып елде жүр демесең,


Ол да бір сері жан ғой Қасқаттағы.


Қайтадан орала алмай кеттік-ау бір,


Сан себеп тілдесуге тапсақ тағы.


Ақынның арылған ба ойдан жаны,


Біз үшін әр сөзінің болған мәні.


Барады ақша бұлттар аспанда аунап,


Бейне бір сияқтанып толғанғаны.


Қалқалап қалар ма екен дауысыңды,


Сібірдің ойдым-ойдым ормандары!..


Қимастық жасқа толды жанары елдің,


Жаутаңдап Қасқатыңда қала бердің.


Атың жетті бірақ та Алатауға,


Өшірмей жыр — сезімді жана бергін!


* * *


Айтары жоқ,


Ауылың қандай сирек,


Қондыра салған дерсің шалғай сүйреп.


Тағдырдың тәлкегінен басқа түскен,


Кеткенің белгілі ғой қалмай күйреп.


Тұрса да орман өсіп,


Тұнып тоғай,


Мен жүрмін үрейлі ойдан ұйықтамай.


Қартының көзі кетсе бұл ел қайтер,


Қалайша ана тілін ұмытты оңай?!.


Қадірлі бауырласым, іргелесім,


Өткіздік талай күннің бірге кешін,


Жасырып қалам саған айтпай қалай,


Ана тілден адасып жүр демесін.


Бұл менің назым емес,


Күйінгенім,


Аз күнде талай сырды түйіндедім.


Ана тілін. тірлігің, шуақ күнің,


Түнек басар болмаса үйінде күн.


Қашанда мен халықтан аласамын,


Халқымның тірлігімен санасамын,


Тілің өшсе,


Сенің де өшкенің ғой,


Ойлашы, келер ұрпақ болашағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу