Өлеңдер ✍️

  07.06.2021
  188


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Тышқан мен сауысқан

Бір суайт тышқан
Төбесінен ұшқан
Сауысқанды шақырды.
Өтірікті судай сапырды:
— Есіткен шығарсың, сауысқан,
Біздің бір туысқан,
Тышқан,
Жақында аспанға ұшқан...
Айға барып қайтты,
Сол маған айтты.
— Онда, ағыл-тегіл екен,
Ішіп-жейтін тегін екен,
Күріш пен бидай,
Қамбаларға сыймай,
Төгіліп-шашылып,
Жатады екен ашылып...
Мұны есіткен сауысқан:
— Айналайын, тышқан,
Құрдасым еді деп,
Сырласым еді деп,
Айтып көр онда туысыңа,
Мені де бір қуысына
Отырғыза кетсін,
Үш десе ұшайын,
Қон десе қонайын...
Сөйт, құрбандығың болайын!
— Ал осы жолы сені де,
Ұшыртайын, — деді де,
Тышқан тұрды тыштиып
Өзінше сөйтіп күш жиып.
Сауысқан оған сеніп қалды,
Бар тапқанын беріп салды...
Тышқан жөніне кетті,
Орала бере ініне зытты.
Өзі істемей басқаның
Атағына семірген,
Аз ба ойлаушы бас қамын,
Тамақ тапқыш тегіннен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу