Өлеңдер ✍️

  12.05.2021
  195


Автор: Әлібек Шегебай

Адыраспан

«Ассалаумағалейкүм, адыраспан,
Сені бізге жіберді Омар-Оспан».
Осылай деп бұл қазақ,
Сәлем беріп,
Өсімдіктің өзімен амандасқан.
Қозғай алмас ешқандай дауыл демі,
Қауашағы – секілді ару меңі.
Тарихымен қазақтың тағдыры бір
Адыраспан – даламның дәрумені.
Жататұғын тамыры тым тереңде,
«Улы шөп» боп көрінер білмегенге.
Айығады адамдар сан дертінен
Адыраспан сертімен емдегенде.
Даласы бар талдырар құс қанатын,
Болған емес бұл елде қысқа таным.
Қайыс мінез қазақтың табиғатын
Адыраспан шөбіне ұқсатамын.
Құпия көп адамзат әлі ашпаған,
Менің бабам ешкіммен таласпаған.
Жазатайым жабысқан жамандықты
Адыраспан түтетіп аластаған.
Бәрі-бәрі өзгерді, басқа бүгін,
Қамын ойлап қауым жүр бас қамының.
Айқай салып айтуға ақиқатты
Неге менің шықпайды асқақ үнім?!
Аярлықтың тұмшалап көк тұманы,
Адалдықтың бұл күнде кетті мәні.
Азғындығы асқынған дүниеге
Адыраспан түтеткім кеп тұрады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу