Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  230


Автор: Баубек Бұлқышев

О, ерлер - ау, ерлер - ау

О, ерлер - ау, ерлер - ау!
Еділге бүгін жау шапты,
Ежелгі ерке, ер Еділ
Солдат болып оқ атты.
Ерегісте, ұрыста
Еділ бетін боятты,
Су орнына қан акты,
Мұз орнына қан қатты.
Күн туды ер басына,
Ер бойына тер қатты,
Күн туды ат басына,
Арғымаққа ер батты...
Елім сүйген ақ Еділ
Азаланып тіл қатты.
Сұлу Еділ, сырлы Еділ,
Жібек Еділ, жырлы Еділ
Құшағында майданның
Аналық адал ақ сүтін
О, ерлер - ау, қандатты!

О, ерлер - ау, ерлер - ау,
Еділ, Жайық біздің жер,
Өлең қылған неше рет,
Көтеріп оны біздің ел,
Бұл — Төлеген өлген жер,
Бұл — Чапаев өлген жер,
Азамат ақын ардагер,
Некрасов сүйген жер.
Ер-азамат, жігіттер,
Атысар жер осы жер!
Алысар жер осы жер!
Тартысар жер осы жер!
Жоғары көтер кеудеңді,
Ұмтыл алға тезінен
Жүріңдер тез, жүріңдер!

О, ерлер - ау, ерлер - ау,
Сүйісейік келіңдер!
Бекінейік сертпенен,
Жағасында Еділдің
«Ант!» де де қолың бер.
Сыннан өткен жігітті
Сүйіп-сүйіп Ақ Еділ:
«Арыстаным, айбаттым,
Ардагерім жауынгер,
Міне, менің, ұлым!», — деп
Көтеріп сені көрсетер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу