02.05.2021
  555


Автор: Ыбырай Алтынсарин

Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі

Қазақтардың өзара қоғамдық қатынастары тек қана ескілікті әдет-ғұрыптар бойынша реттеліп отырған кезде, өздерінің достығын жекжат болып нығайтқысы келген адамдар, бірінің әйелі ұл, екіншісінің әйелі қыз тапса, оларды некелеп, бір-біріне қосатын болып уәделесе беруші еді. Бұл әдет қазіргі уақытта қалып барады. Мұны көршілес халықтардың бірқатар ықпалының нәтижесінен (олардың ықпалы бұл жағынан өте аз) деуге болар еді. Бірақ, солай бола тұрса да, бұл әдет көп реттерде әлі күнге дейін бар. Екі-үш жасар ұлы бар дәулетті қазақтың қайсысы болса да, баласына өзі сықылды дәулетті және беделді біреудің қызын айттыруға тырысады. Баласы 10-11 жасқа толысымен-ақ оның ата-анасы тиісті кәдесін беріп, қалыңдығына ұрын жібереді. Баласын өзінің күйіне және жалпы жағдайына қарай жасы толмай тұрып та, жасы толғаннан кейін де үйлендіре алады. Бірақ көбінесе, балиғыға жеткенше үйлендіріп қояды. Ауқатты қазақтар баласын 11-12 жасында-ақ үйлендіре береді. Ал енді мынадай реттерде, мысалы, біреудің жалғыз баласы болса, сондықтан ол қазақтарша айтқанда, баласына келін әперіп, қызығын көргісі келсе, онда баласын 8-9 жасында үйлендіре салады. Сол сияқты осындай реттерде он жастағы не одан да жас қызды күйеуге бере береді. Онан соң кейде он жасар бала, алды 7-8 жасқа келген балалары бар әйелге де үйленіп қалады. Бұл, әдетте баланың ағасы өліп, оның артында әйелі қалған жағдайда кездеседі. Мұндай жағдайда әйел әмеңгерлік дәстүр бойынша, өлген күйеуінің туған інісіне тиеді, ал егер оның туған аға-інісі болмаса, онда оның туысқандарының біріне күйеуге тиюге тиіс. Ал егер өлген кісімің жесірді алатын жас туысқандары болмаса, онда ол әйел (жас та болса) кейде алпыс немесе жетпіске келген шалға тиюге тиіс. Қазақтардың жалпы неке шарты бойынша жесір әйелдің екінші ерімен жас айырмашылығы да, оның тілегі де, сол сияқты басқа дәлелдері де есепке алынбайды. Әменгерлердің мұндай правосына басқа рудың адамдарының қандай да болса қол сұғуы бітіспес дау туғызады. Мұндай араздықтың түбі, кейде кісі өліміне апарып соқтырады.


Әйелінен айрылып қалған қазақ екінші әйел ала алады, алғанда екінші қайын атасына айып төлеп алады. Бұл айыптың белгілі мөлшері жоқ бірақ солай бола тұрса да, көбінесе, қымбатқа түседі. Қазақ қызы әйелі өлген адамның айттыруын өзіне кемшілік деп санайды. Ондай күйеу «үйі сынық» деп аталады, бұл оның күйзелгенін көрсетеді. Мұндай жағдайларға қарамастан, қазақ байларының көбі бірнеше қатын алады. Бұл көп қатын алудың себебі, діннің жол беруін былай қойғанда, мынадай себептерден де болады: әйелін өзі сүйіп алмай, ата-аналарының қосуы бойынша алған қазақтар, мұндай әйелінен өзі сүйетін қасиетті әрқашан таба бермейді. Осының салдарынан ондай ерлі-зайыпты адамдардың арасы суыйды, шығысады, сонан кейін, күйі көтерсе, ол екінші әйел алады, бұрынғы әйелін де өзіне қалдырады.


Егер екінші әйел жөнінде де қателескен болса, онда ол өзінің мұнысына ыза болып, кейде үшінші әйел алады. Онан соң көп қатын алуға тағы басқа да қазақтардың ойынша, өте маңызды, мысалы, әйелінің мұрагер болатын ұл таппауы сияқты себептер де болады. Қазақтарда өздерінің көп қатын алуларының мақсатын айтпай-ақ түсіндіретін бір мақал бар. Оны орысшаға аудармай-ақ қазақ тілінде жазайын: «Байтал көп болса құлын да көп болады» дейді қазақтар.


Даңқты қазақтар әрқашан өзінің баласына басқа бір рудан, тайпадан барып, өзіндей даңқты адамдардың қызын айттыруға тырысады. Қазір де солай. Қазақ арасындағы аңызға қарағанда, қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді. Қазақ қарттары мұндай тәртіпте алысты болжағандық бар екенін, өйткені, қазақ арасы тыныш болмаған кездерде оның халыққа пайда келтіргенін айтады. Шынында да, қазақтарға кейбір билердің ықпалының өте күштілігіне қарағанда (би деген атақ қазірде де бар), жауласып отырған рулардың басты адамдарының бір-бірімен құда болуы жеке рулардың өзара татуласуына себеп болды деуге болады. Қазақ арасында қазір берік орын тауып отырған әдет, атап айтқанда, өзінің сегіз атадан жақын туыстарының қызына үйленбеу әдеті, мүмкін, осы себептен енгізілген болар.


Бұл арада бір айта кететін нәрсе, Мұхаммедтің заңы тіпті жақын қарындастарына да үйленуге рұқсат етеді. Бұл қазақтан басқа мұсылмандардың бәрінде бар. Екі-үш қатыны бар қазақтардың ең алғашқы үйленген әйелі «бәйбіше» деп аталады. Оны ері де, басқалар да сыйлауға тиіс. Барлық үй шаруашылығын басқару ісі соған жүктеледі. Қалған әйелдері «тоқал» деп аталады. Осы аттан қазақтардың оларды онша көп сыйламайтындығы көрінеді. Солай бола тұрса да олардың көбі ерінің сүйікті жары болып табылады.


Дәулетті қазақтар әрбір әйелін жеке үйге, тіпті бөлек ауылға қояды. Бірақ көпшілігі бір үйде-ақ тұра береді.


Баласына қалың бергісі келген ата-ана, құда болғысы келген адамның үйіне өзінің екі-үш жақын адамдарын жіберіп, құда болу жөнінде сөз салғызады. Егер қыздың ата-анасы бұл ұсынысты қабыл алса, жіберілген адамдар сол арада қалыңмал туралы сөйлесіп келіседі. Дәулетті адамдардың қалыңмалы, басқаша айтқанда, қарамалы, әдетте, келісуіне қарай, ірілі-уақты 47 жылқы болады. Қалыңмалдың мөлшері жөнінде мынадай бір өзгешеліктер бар. Кіші жүзде (бұрынғы Орынбор облысы қазақтарының батыс жағы мен орта жерінде) қалыңмалға 50 жылқы (бес жиырма) беріледі. Орта дәулетті қазақтар уақ малдарын, мысалы, құлынын, бұзауын, тағы басқаларын қосқанда, 37 қара береді. Оның үстіне, қалыңмалмен қабат, бесжақсы туралы да келісіледі. Бесжақсыны қалыңдығының сәукелесіне арнап, күйеу беруге тиіс. Ең бай қазақ бесжақсыға 500-600 сом береді, орта дәулетті адам 200-300 сом береді, мұндай кәде, көбінесе, ақшалай төленеді.


Екі жақ сөз байласқаннан кейін, сөз салуға жіберілген адамдар ауылына қайтады. Осыдан кейін, көп кешікпей, күйеу баланың ата-анасы оның қайын атасының үйіне, жоғарыда айтылған шартты әбден бекіту үшін, 5-10 адамнан құралған құдашылар жібереді. Құдалардың келе жатқан хабарын есітіп, қалыңдықтың ата-анасы ауылдан оқшаулау бір жерге үй тігеді де, оның ішіне кілем жайып, көрпе төсеп, көпшіктер қояды. Қонақтар сол үйге қабылданады, бірақ мұның өзгеше салты болмайды.


Ертеңіне құдалар айттырып отырған қыздың әкесінің үйіне шақырылады. Бұл арада мынадай бір қызық әдет болады.


Қонақтар қалыңдықтың үйіне шақырылғанға дейін бір топ әйел жиналып, сұйық қамыр әзірлейді, балшық әкеледі, оның бәрін жеке табақтарға салып қояды. Бірнеше жаулық, арқан дайындап қояды. Үйдің жанында өгіздер байлаулы тұрады. Бірнеше әйел әлгі айтылған балшық, қамырларын қолдарына алып, есіктің жанында көрінбей тұрып алады. Содан кейін үйге құдалар шақырылады. Бұлар келіп табалдырықтан аттай бергенде, жасырынып тұрған әйелдер, қапылыста бас салып, біреулері құдалардың бетіне қамыр жағады, екіншілері балшық жағады, содан кейін күштеп бастарына жаулық тартады, теріс қаратып өгізге мінгізеді. Сөйтіп таңып тастайды да, өгізді далаға қарай қуып ала жөнеледі. Осыған әбден күлісіп алғаннан кейін екіншісіне кіріседі. Арқанның бір ұшын шаңырақтан өткізіп алады да, екінші ұшына, бет аузы қамыр-қамыр, балшық-балшық болған құдалардың біреуін байлап, арқанның ана ұшынан тартып, байғұс құданы шаңырақка салбыратып іліп қояды. Шаңырақтан түсіріп алып балшыққа аунатады, апанға салады, тағы да сондай әзілін істейді.


Құдалардың мұндай түріне қарағанда, мысалы, өгіздің үстіне танылған құданы өгіз тулап жығып кеткенін көргенде, шынында ішек-сілең қатады, сақалы желпілдеген еркектің басына жаулық тартқан кезде, тіпті күлкіңді тия алмайсың. Бірақ мұның бәрі бейшара құдаларға қандай болып тиетіндігін ешкім ойламайды.


Ақырында мұның бәрі аяқталып, құдалар қалыңдықтың үйіне шақырылады. Осы арада оларға кәде беріледі. Бірінші, ең бағалы кәде күйеудің әкесіне беріледі, екінші кәде сол ауылдың үлкеніне беріледі, сонан кейін келген қонақтарға үлестіріледі. Кәденің бағалы болуы берушінің көңіліне, мырзалығына байланысты. Бірақ, көбіне, оның бағасы бесжақсының сомасына теңелуі керек. Көбінесе, бесжақсының өзі де кит кигізудің есебінен күйеудің ата-анасына қайтарылып беріледі.


Құдалар ауылына қайтқаннан кейін, күйеудің әкесінен кәде, қалыңмал, бесжақсы алу үшін енді ол ауылға қалыңдықтың әкесінің өзі барады, немесе өзінің орнына баласын, не туысқанын жібереді,


Ауыл адамдары күйеудің аулына келген қонақтарды да қалыңдықтың аулында болған тәртіппен, сондағы әзілмен қарсы алады. Барған құдалар қалыңдықтың аулында қандай келемежге ұшыраса, күйеудің аулына келген құдалар да нақ сондай келемежге ұшырайды.


Келген қонақтар, қазақтардың дәстүрлі тойынан кейін, қалынмал алуға кіріседі. Егер қалыңға алынған малдың ішінде ауру, не басқа кемшілігі бар мал болса, ондай мал қалынмал қатарынан шығарылады, оның орнына басқа мал қосылады. Күйеудің әкесінің беретін кәделері, бұл сапар, қалыңдықтың әкесінен алынған кәделерден, бағасы жағынан алып қарағанда кем болады. Бірақ қалыңдықтың әкесінің шеккен мұндай зияны басқа бір реттермен өтеледі. Алғашқы құда түскеннен кейін екі-үш жыл өткен соң, күйеудің ата-аналары күйеуді қымбатты кәделермен қалыңдығына жібереді. Бұл кәде «ілу» деп аталады. Бай адамдардың беретін ілуі, орта есеппен, 40-50 жылқы болады. Ілумен бірге және басқа да заттар — әртүрлі жібек, шұға, шыт сияқты (әйелдерге үлестіру үшін) жіберіледі. Бұл кәделер «жыртыс» деп аталады. Жыртыстың бағасы екі жүз сомға дейін барады.


Күйеу қайнына барғанда жақсы киінуге, ер-тұрманы сай жақсы ат мінуге тиіс. Атқа салынатын ер-тұрман таза күміспен, ең болмағанда, күміс жалатқан заттармен әшекейленуге тиіс. Күйеу басына бөрік кимеу керек. Өйткені бөрік оның бетін түгел жаба алмайды. Ал қазақтың әдептілік тәртібі бойынша, ондай жағдайда, күйеудің беті түгел көрінбеуі керек. Сондықтан ол бөріктің орнына, бұл жолы, оқалы тымақ киюге тиіс. Күйеудің жанында үш-төрт жолдасы болады. Олардың жасы үлкені кәде үлестіру сияқты шаруашылық жағын басқарады. Бай күйеудің жолдасының ішінде әнші, күлдіргіш, сықаққой адамдары да болады.


Күйеу қалыңдықтың аулына келген соң қайындары шығып, ілуге әкелген малын көреді. Егер оны аз деп тапса, немесе мал басында кемістік бар деп тапса, күйеу байғұсты ауылға түсірмей, кейін қайтарып жібереді. Күйеу қайын атасына оның көңіліндегідей ілу әкелуге тиіс, тек сонда ғана ол құрметті түрде қарсы алынады.


Ашық түрде рұқсат етілген тәртіп бойынша келіп, қалыңдығын ең алғаш рет көруге келген күйеу, шаруашылық жағынан қаншама есебіне жетік болса-дағы, қалыңдығын көруге өте ынталы болғандықтан, қайын атасының арсыз-ұятсыз талаптарына, көбінесе, еріксіз көнеді. Ақырында аларын алып, көңілі тынған қайын атасы, күйеудің ауылға келіп түсуіне рұқсат етеді.


Ауылдан екі шақырымдай жерге шатыр тігіледі, оған төңіректегі ауылдың, күйеуді қарсы алуға шақырылған әйелдер жиналады. Шатырға қарай келе жатқан күйеу мен оның жолдастары, әйелдер шатырдан шыққан кезде тегіс аттарынан түседі. Әйелдер жақындап келген кезде, күйеу бас иіп, тәжім етеді. Сонан кейін қалыңдықтың жақын туысқандары оны қолтықтап, жолдас-жораларымен бірге, күйеуге арнап тігілген, кілем төселіп, жақсы төсек салынған шатырға әкеліп кіргізеді. Осы арада күйеу жолдастарының үлкені — отағасы әкелген кәделерінің бірқатарын әйелдерге үлестіреді. Қалыңдықтың туысқандарына бүтін бір кесек матадан, басқаларына бір кезден, екі кезден әртүрлі мата береді. Қалыңдықтың туысқандарының қыздарына «көрімдік» деп аталатын аса құнды кәделер беріледі.


Екі тоғыз, яғни, тоғыз-тоғыздан екі бөлек зат қайын атасына жіберіледі. Онымен қатар, оған күйеудің әкелген аты ер-тұрманымен жіберіледі. Егер ол ат пен ер-тұрман ұнаса, қайын атасы алып қалады, ал ұнамаса, күйеуден ер-тұрманы сәнді жақсы ат талап етеді. Бұл осы жолы берілмесе де, қайын атасының көңілі толғандай өтіліп, кейінірек беріледі.


Оған дейін қалыңдықтың аулында мал сойылып, той басталады. Ат шабыс, күрес, алтын қабақ ату сықылды қызғылықты сауықтар жасалады. Домбыра тартылып, өлең айтылады, күйеуді, қалыңдықты және олардың ата-аналарын мақтаған жырлар жырланады, осынысы үшін ақындар сыйлық алады.


Бұл кезде күйеу басқа қыздармен, келіншектермен үнемі шатырда отырады. Бірақ мұның ішінде қалыңдығы болмайды. Олардың қай-қайсысы болса да күйеуден тәжім етуін талап етуге құқылы. Рұқсат етілмей тұрып күйеу орнына қайта отыра алмайды. Әдетте, әйелдер күйеуді ұзақ уақыт түрегелгізіп қояды, тәжім етуін талап етеді. Ал егер күйеу мұны орындамаса, онда олардың кез келгені күйеуді шапалақпен тартып жіберуге не итеріп жіберуге толық құқылы. Егер күйеуге бұл да әсер етпейтін болса, онда әйелдер ұрыс-керіс шығарып, тарап кетеді. Мұның соңы жаманға айналады. Мысалы, қайын атасы күйеуді қуып жіберуі мүмкін. Ал қазір осы дәстүр кейбір аңғарғыш қазақтардың арасында қалып барады. Күйеудің бұл арада көретін бар қызығы — қалыңдығының аулында болған осы күндерінің бәрін де ол, жалпы алғанда күйеуге тілектес қыздардың арасында болады.


Күні кешке айналып, түн болады. Қалыңдықтың ата-анасы әдеттегісінен ерте жатады. Ал әйелдер қалындықты қасындағы басқа бір ауылға алып кетеді (бірақ күйеуге әзір жолатпайды).


Осы кеш сол ауылда бір үй әзірленеді. Оның қожасына күйеу ат мінгізуге, не шапан жабуға тиіс. Бұл кәде «қызқашар» деп аталады. Осы үйде жұрт екі топқа бөлінеді. Оның бірі кәдеге жалданылып алынған, күйеу жағын жақтайтын топ та, екіншісі қалыңдық жағын жақтайтын топ. Соңғы топ қалыңдықты жасырып қояды. Күйеу жағы оны іздеп тауып алған кезде тартыс басталады. Бұл тартыстағы қалыңдық жағының мақсаты — қалыңдықты қорғап, бермей қалу да, күйеу жақ топтың мақсаты — қалыңдықты тартып алу болады. Ақырында біреулерінің қолы жараланып, біреулерінің бет-аузы даладай қан болып, киімдері жыртылғаннан кейін, әдетте, әрқашан күйеу жағы жеңеді. Олар қызды тартып алып, оны жеңгелерінің қолына береді, жеңгелері қызды күйеуге алып барады.


Ауылда осы тартыс болып жатқан кезде, күйеу шатырдан қайын атасының үйіне апарылады. Қайын атасы мен қайын енесі бұл кезде, жоғарыда айтқанымыздай, ұйықтап қалулары керек.


Үйдің сол жағына, есікке таман күйеуге жақсы төсек төселіп, жібектен не басқа бір бағалы матадан жасалған шымылдық құрылады. Күйеу келіп, табалдырықтан аттай бергенде оған үш рет тәжім еткізеді де, үй ортасында жанып тұрған отқа әкеліп, қолына сұйық май құйылған темір бақыраш береді. Күйеу бұл майды отқа құяды. Май жалындап жанған кезде, кемпірлер от басына келіп, әуелі жалынға қолдарын тигізеді, сонан кейін маңдайларын, төстерін сипап тәубе етеді. Бұдан кейін күйеуді төсегіне отырғызып, тамақ береді, ақырында шет адамдардың бәрі кетіп қалады.


Қалыңдықты күйеуге алып келген кезде, әйелдер мынадай ырымдар істейді. Есік алдына келіп бір кемпір өтірік өліп жатады. Күйеу оған кәде береді, бұл кәде «кемпір өлді» деп аталады. Төсек жанында ит болып, қалыңдықты төсекке жібермей тағы бір кемпір жатады. Оны қойғызу үшін және оны ол жерден кетіру үшін күйеу оған «итырылдатар» деп аталатын кәде береді. Кемпір осы кәдеге риза болады да, үйден шығып кетіп қалады. Одан кейін жеңгелері қалыңдықты күйеуге алып келіп, оны күйеудің қасына отырғызады. Осы арада бір әйел олардың көрпесінің шетін көтеріп, жабайын деп отырғансиды, ол үшін ол «көрпе қимылдатар» деген кәде алады.


Осыдан кейін күйеу мен қалыңдық бір төсекке жатады.


Күйеу қайын атасының аулында үш күндей болып, өз аулына қайтады. Қайтарында қайындары оның үстіндегі киімдерін сыпырып алып, оның орнына шамалы киімдер кигізеді.


Сонымен, некелері қиылып қосылғанша, күйеу, әйелдерге үлестіретін азды-көпті бағалы кәделер алып, қалыңдығына келіп - кетіп жүреді. Күйеу болып көрген қазақтардың бәрі дерлік неке қиылғанша қалыңдығына осылайша келіп-кетіп (қалындық ойнап, — ред.) жүрген уақытын өз өмірінің ең қызықты, ең жақсы дәуірі деп есептейді.


Күйеу қалындығына ұрын келіп кеткеннен кейін, қалындықтың ата-анасы көптеген кілем, шапан, ішік сықылды жасау әзірлей бастайды. Зергерлерге сәукеле жасатады. Мұны келіншек бір жылдай киіп жүреді. Әкесі әзірлейтін басты-басты жасаулардан басқа, шешесі өзінің сүйікті қызына әкесінен жасырып білезік, сырға, көйлек сияқты заттар әзірлейді. Барлық қыздардың да жасауы бірдей бола бермейді. Мысал үшін бұл жерде өзім білетін бір байдың жасауын айтып өтейін. Ол қызының жасауына: үй және жасау артатын 25 түйе, кәнауыздан, жібектен, жай маталардан тігілген 125 шапан, 50 кілем, оның, 20-сы үлкен, қымбат кілемдер де, қалғандары орташа кілемдер. 25 ішік, оның біреуі жанат ішік, 10 түлкі ішік, қалғандары қарсақ, қасқыр ішіктер, бәpi де мауытпен, жібекпен тысталған. 300 сомдық отау, 5 ат, оның екеуі қызы мінетін жорға, жүз сомдық ат-тұрман, төсек-орын, бірнеше көрпе, көйлектер берді, бұлардан басқа тағы да бағасы ең кемі 400 сом тұратын аяқ-табақ, киіз сияқты шаруашылық заттар берді. Қалай болған күнде де ұяты бар, ауқатты қазақтардың жасауға беретіні оның алған қалыңмалынан және күйеудің берген кәделерінен 7 кем болмайды.


Мұның тек бір жаман жері: қызының келешек үй жұмысының керегі үшін емес, ата-аналарының өз даңқы үшін берілген бұл жасаулар, қалыңмалға төленген қолма-қол ақшалар мен малға қарағанда, жас қосылған ерлі-зайыптарға оның оннан біріндей де пайда келтірмейді. Кейбір қазақтар малының көбін қалыңмалға, ілуге және басқа кәделерге беріп, ақырында өзі қатты жоқшылыққа ұшырайды. Қалыңдығымен келген жасау оның шаруасын көтере алмайды. Ол жасаулардың да жартысына жуығы дерлік келіншек түскен күндері-ақ, әдет бойынша туған-туысқандарына үлестіріліп беріледі.


Әкесі баласын үйлендіруге бел байласа (атастырғаннан кейін бір жыл өткен соң), онда оған «той малы» деп аталатын тағы да 30-40-50 жылқы айдатып, оның үстіне әйелдерге арналған, ілу ілгенде берілетіндей, басқа да заттай кәделер беріп, қасына жолдас ертіп, күйеу баланы қалыңдығының аулына жөнелтеді. Келіншектің отауына керек киіздің жартысын күйеудің өзі береді. Той малы, кәделер тағы басқалардың үстіне күйеу қайын атасына «сүт ақы» деп бір жақсы түйе беруге тиіс. Сонымен қатар, «жаныма жақсы» дейтін тағы да бір кәде беруге тиіс. Бірақ бұл кәде ешкімге деп арналып берілмейді.


Күйеу қалыңдығын алайын деп келген кезде, қалыңдық әкесі, ілу де іле келгендегідей, айдап келген малын жаратпаса, құдасының өтінішін қабылдамауы мүмкін (мұндай жағдайлар да кездесе береді). Бірақ, әңгімені ұзарта бермеу үшін күйеуді қабылдады делік.


Ұзақ уақыт әбігерленіп тойға дайындалғаннан кейін (бұл дайындық кейде екі-үш-ақ айға созылады), ақырында, неке қиятын күн де келіп жетеді. Бұл күні той жасалып, ат шаптырылады, балуан күрестіріледі және тағы да басқа сауықтар болады. Той өткен соң ұзатылатын қыз, апа-сіңлілерін, жеңгелерін және басқа қыздарды қасына ертіп алып, туысқандарын аралап танысады. Әрбір туысқан және жақын-жоралары таныса келген қызға сыйлық беруге тиіс. Біреулері кілем, біреулері шапан береді, ал кейбіреулері бірнеше кілем, шапан, ішік береді. Сол күні кешкісін төңіректегі ауылдың барлық жастары ұзатылатын қыздың үйіне жиналып, ойын-сауық жасайды, өлең айтады, домбыра тартады, ән салады, қыз бен жігіт айтысады. Қыз жеңілсе, жеңген жігітке орамал береді, жігіт жеңілсе, қызға шапан кигізеді. Бұдан кейін барып неке қию  дәстүрі істеледі. Осы жерде ғана, жұрттың ұмытқан нәрсесі енді есіне түскендей, екі куә алдында қалыңдықтан оның осы ұзатылғалы отырған күйеуіне шығуға ризашылығы сұралады. Некелесушілер көбінесе үндемей, «олардың үндемегені риза болғаны» деп, молда неке қиюға кіріседі. Неке қиылған күннің ертеңіне қыз жағы күйеудің жолдастарын шақырып, оларға жасауға берілетін бұйымдарды көрсетеді. Сонан кейін бұл бұйымдар түйеге артылып, келіншектің қайын атасының аулына қарай жөнелтіледі де, келіншекке ат ерттеледі. Қыздың әкесі, шешесі, аға-інілері және басқа туысқандарының бәрі ең соңғы рет құшақтасып қоштасады, сыңсу басталады. Бұл күні туысқандарының шын көңілімен жылаған көз жасы көл болады. Ал ұзатылған қыз бейшара бәрінен де көп жылайды. Қыздың қасындағылар оған: «тақияңды тастап, сәукеле ки» деп көп жалынады, қыз бұған көпке дейін көнбейді. Бірақ киер күні жеткен соң не шара, жеңгелері оны жас келіншекше киіндіріп, жөнелтеді.


Қызын күйеуінің аулына дейін, әдетте шешесінің өзі шығарып салады. Қыздың шешесі ол ауылда үш-төрт күн болып еліне қайтады. Қыздың шешесіне құдалары ат мінгізіп, түйе жетектетіп, шығарып салады.


Келіншек түскен күні ауылға олардың тойын тойлауға, келіншекті және оның жасауын көруге жұрт жиналады. Келіншектің отауы атасының үйінің оң жағынан тігіліп, отау ішіне жасаулары ілінеді. Келген жұрт оны көріп, біреулері мақтайды, біреулері «сараң екен» деп, келіншектің әкесін сөгіп кетеді.


Жас жігіттер келіншек отырған шымылдық ішіне кіріп, келіншектің бетіне жапқан пердесін көтеріп қарайды, оның киімін көреді.


Кешке келіншекті атасының үйіне әкеліп кіргізеді. Келіншек келерден бұрын ол үйге қонақтар, күйеудің барлық туысқандары, жыршылар жиналады. Келіншектің ең алғаш атасының үйіне келуі мынадай түрде болады. Екі әйел оны екі жағынан қолтықтап, бір топ әйел оған ере келіп үйге кіреді. Келіншек табалдырықтан аттаған бойда, ошаққа жеткенше тізесін бүгіп үш peт сәлем етеді. Содан кейін үй ортасында жанып тұрған отқа бір бақыраш май құяды (бұл майды қатындардың бірі дайындап тұрып, сол жерде келіншекке бере қояды). Лапылдап жанған майдың жалынына кемпірлер қолдарын тосып: «от — әулие, май — әулие» деп беттерін сипайды. Осыдан кейін келіншекті үйдің сол жағына, есікке таман апарып отырғызады. Сол кезде жыршы беташар өлеңін айтады. Онда: «Атанды сыйла — ол сенің әкең, енеңді сыйла—ол сенің шешең, күйеуінді сыйла — ол сенің қожаң, өсек айтпа» деген сияқты өсиеттер айтылады. Жыршы оқтын-оқтын «қайын атаңа бір сәлем» не басқаларын айтып, соған «бір сәлем» деген кезде, келіншектің қасында отырған әйел, келіншектің бетіндегі бүркенішін бір көтеріп, қайта жабады. Келіншек тұрып, сәлем етеді. Әрбір осындай сәлемнен кейін, сәлем арналған адам, осы сәлем үшін беретін кәдесін жариялауы керек. Қайын атасы айғыр үйір жылқы, туысқандары шапан атаулары мүмкін, т.с.с. Беташардан кейін әйелдер келіншекті өз отауына апарып енгізеді, тек содан кейін ғана ұзақ күнге шаршаған келіншек шамалы демалуға мүмкіншілік алады. Жасаудың ең жақсыларын қайын атасы алады, қалғандарын, бір-бір шапаннан, ішіктен және басқа заттан күйеудің өзге туысқандарына үлестіреді.


Қорыта келе бір айта кетерлік нәрсе: келіншек өзінің түскен күнінен бастап, екі-үш жыл бойы қайын атасына, күйеуінің және басқа да жасы үлкен туысқандарының бәріне көрінбейді. Олардың үйіне барса, оның төріне шықпайды, есік жақта болады. Қайын ағаларымен әлдеқалай кездесе қалса, жүзін тайдырады, сәлем етеді, сәлем еткені үшін қайын аталары оған «көп жаса» деп алғыс айтады. Ал онан соң, келіншек өзінің күйеуінің ер-әйел туысқандарын шын атымен атай алмайды. Сондықтан олардың әрқайсысына өзінше ат қойып алады. Бұл дәстүрдің қандай екенін мына бір күлкі әңгімеден айқын түсіне аласыздар.


Бір қазақтың бес ұлы болыпты. Олардың аты: Көл, Қамыс, Қасқыр, Қой және Пышақ екен. Бір күні келіні суға барса, көлдің ар жағында, қамыстың бер жағында қасқыр қойды жеп жатыр екен сонда келіні ауылға жүгіріп келіп: «Сарқыраманың аржағында сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр тезірек жанығыш пен кескішті жеткізіңдер» депті.


1870 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу