28.01.2024
  45


Автор: Софы Сматаев

Әк өртейтін шыңырау шахта-пештің үстінен күндіз-түні бір тынбай көк түтін көлбеңдеп ұшады...

Әк өртейтін шыңырау шахта-пештің үстінен күндіз-түні бір тынбай көк түтін көлбеңдеп ұшады. Жұмыс басында еркекше киінген әйелдер қолдарына күрек ұстап, темір вагонеткалардың біріне әк тасын тиеп, біріне көмір толтырып, шахта-пештің үстінен қатар-қатар жүргізген рельспен итеріп әкеліп шыңырауға төгіп жүр.


Шолақ тонының елтірі жағасын дулығадай көтеріп алған ақсақ десятник қырау басқан сақал-мұртын сұқ саусағымен қағып-қағып қалып, дамылсыз айқайлайды:


— Қадиша, тасты бір жерге үйме. Ойпыр-ау, үйме деймін саған. Шашыратып төк! Вагонеткаңды әрі итер! Тегіс жайылсын.


ІІІойнаңдап пештің екінші жағынан сап ете қалады:


— Әй, Наталья, көмірді қайда апарасың? Алдымен әктасты түгел жаймалап салып, соның үстіне көмірді бір тегіс етіп қабаттап тиеу керек. Сонда әктас біркелкі жақсы күйеді. Брак азаяды, брак.


Ауыр балғамен құлаштай сілтеп тас уатып жатқан әйелдер қосылып өлең айтты.


Қайран да менің ауылым,
Қызар ма екен сауығың?
Соғыстан аман оралып,
Келер ме екен бауырым?


Құлақшынының сыртынан қызыл орамал тартқан жайнаң көз орыс келіншегі мұңға толы жіңішке дауыспен жеке өзі шырқады:


... Любимый едет на войну...


Шұбарды баяу айдап қыстақ жақтан келе жатқан Құбаштың қарасы көрінді. Әйелдер жапа-тармағай тұс-тұстан андағайлап қарсы жүгірді.


— Аймаңдай, бүгін біздің үйге көмір түсірдің бе? Отынымыз таусылып қалып еді. Бір салар тамызық та жоқ.


— Бізге қашан апарасың?


— Күнде ертеңмен діңкемізді құрттың ғой, шырағым. Қашанғы созасың?


— Ты, братец, завози к нам.


— Анау десятникке айтыңдар, — деп, Құбаш қолын сілтеп бар шуды бір-ақ тыйып тастады да, құлақшынын шешіп терін сүртті.


Қадиша түтіккен күйі, беліне байлаған боз шүберегін қайқайта бір тартып, десятникке бара жармасты.


— Әй, мен өзім мұнда, ал байым соғыста жүр. Шиеттей балаларым көздерінен сорасы ағып суық үйде бүрісіп отыр. "Көмір жазып бер", деп құдайдың құтты күні қанша жалындым. Бересің бе, жоқ па?


— Ал, тағы не айтасың? Екпінің күшті екен бүгін. Бәрін түгел айтып қал, деп десятник мықынын таянып сыздана ыңыранды.


— Наряд жазып бер.


— Кезегің келсін. Сенен басқа да отынсыз қаңсып отырған жұрт көп. Килікпе. Соншама үздігетіндей сен кімнің шікірасы едің.


— Балаларым үсіп өлсін бе?


— Көмір аз. Кімге жеткізем?


— Жеткіз. Көз жұмбайыңды таста!


— Былшылдама!


Десятник қақырынып тастап бұрыла берді. Қадиша қатты ашуланды. Шап беріп оның ту сыртынан қапсыра ұстады да, бір сілкіп оппа қарға алып ұрды.


— Сенен-ақ өлдім ғой! Әбден мазақтап біттің ғой. Байымды құныңа беріп пе едім, өл де маған! Қазір соттатсаң да, қолында өлейін бе осы, деп құнжыңдаған тіземен астындағы адамды нығарлап жатыр.


Әйелдер құрбысын жабылып тұрғызып әкетті.


Құбаш аяғының ұшына назарын жіпсіз байлап дірілдеп, көгеріп тұрған Қадишаның қасына келді. Қадишаның ашуы басылар емес.


— Әрі тұр, мылқау! Аймаңдай неме, сен де мазақ қыласың ба? Кет әрі, сүметілмей!


Құбаш күрсінді. Басын көтермей, қолын уқалап, екі аяғына кезек теңселді.


— Қазір тұп-тура сіздің үйге көмір апарам. Нарядсыз-ақ апарам, жеңеше.


Қадиша үндей алмай көзі бақырайып тұрды да, сылқ отыра кетіп, еңіреп жылап жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу