24.07.2023
  72


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

СЫРБАЙДЫҢ ҚОЯНЫ

 


 


       Инеліктей қатқан жоны қара келген  сары күзен іңір  қараңғылығы түсе жортып кетті. Бұта-қурайлардың арасынан ирелеңдеп  өтіп,  жазықпен шоқытып-шоқытып алады. Асығып-аптығып келеді. Едірейген ақшыл мұртты жүндес тұмсығымен аяқ астын иіскеп, жан-жағына жалтақтай қарап аз бөгелді. Әлдеқандай жауы тап  бола ма деген сақтық бар.


       Таңға жақын ағаш арасына кірді. Қу шырпыларды сытырлатпай, ептеп жүріп келеді. Атқан таңның самалына жапырағын жайып, биік ақ қайыңдар  қалғиды. Қалыңнан өткен соң шағын алаң бар, ескі қыстаудың орны  осы. Балшық үйлердің қабырғалары құлаған, кейбіреуі қалқайып әлі тұр. Күзен жаланып қойды. Сонау Есіл алқабынан шығып, түнді жортумен өткізген жыртқыш  мақсатты жеріне жетті.


       Қыстау сыртында ауыл бар. Шәуілдеп үрген иттердің  таңғы үні, адамдардың даңғырлап сөйлескені естіледі. Көң иісі, түтін иісі мұрынға келеді. Күзен құлап жатқан балшық үйдің іргесіне келіп, иіскелеп тұрды. Өткенде де  осы жерден үй қоянының екі көжегін жеп кеткен еді. Қарауытқан таныс үңгірдің аузы көрінеді. Басын сұғып, иіскелеп байқап еді, мұрнына жағымды иіс білінді. Ептеп басып қараңғы ішке кірді.


       Қоңыр қоян бейбіт күйіс қайырып жатқан. Үңгіріне басып кірген азулы дұшпанын көре салып, екінші ауыздан атқып шығып қаша жөнелді. Ана қоян соңғы  күндері көжектеуге қамданып жүрген. Қорыққаннан ышқына жүгірген ол бір бұтаның түбіне келіп тыныстады. Жүні жығылып, құлағы бір жағына  қарай қисайып кеткен, жырық еріндері ашылып-жабылып ентігеді. Ауылдағы үйшігі өзіне жайлы еді. Иесі  мәпелеп күтетін, асқабақтың жапырағын,  жас сәбіз бен бұршақты оттығына толтырып қоятын.


       Иә, ол кетейін деп кеткен жоқ-ты, жайылымда жүргенде сабалақ жүн қара күшік алдына салып, жөн-жосықсыз қуа жөнелген. Үйге қарай қашуға мұрша бермей, осы орманның ішіне қуып тықты. Ағаш арасынан ауыл көрініп тұр. Ауылда ит, мұнда  күзен тап болды. Ол шоқалақтап бір-екі аттады да, бүрісіп отыра қалды. Кешеден бері туатынын сезіп жүрген. Күзен асыққан жоқ, ептеп басып, сыбдырын білдірмей таяп келеді. Қоянның құтылып кетпесі аян.


Бадырақ көз  қара бала Сырбай қоянын  бірнеше рет іздеп шықты.  Бүгін тіпті ерте тұрды. Өткен  жылы бір аналық қоянды елу басқа  жеткізді. Қоян өсірудің шебері атанды. Кенет қоңыр қоянды жоғалтқаны мынау.   «Шіркін, қоянды тауып алсам», – деп арман етті Сырбай.


       Орман жасыл жамылып мүлгіп тұр. Жазғы желмен жапырақтар сыбдыр қағады. Қанаттарын салбыратып жіберіп сұрша көкек дыбыстайды. Бармақтай түкті  ара гүжілдеп ұшып жүр. «Жоқ, мен оны қалайда табуым керек!» – деді Сырбай. Киіз үйдей аумақты талды жағалап ілгері жүрді. Тал жапырақ жайып ұйысып кеткен, арасында ала қанат сары торғайлар ұшып-қонады. Талдың басында сауысқанның сопақтау келген  ұясы қарауытады. Сырбай бұқпантайлап келе жатқан сары күзенді көрді. Күзен томаршаның іргесіне келіп бұғып отырды да, арғы бетке қарай оқша атылды. Күзен құлақ  шекесіне жабысып алғанда қоян шыңғырып жіберді. Бала қайыңның  қу бұтағын алып, күзенге  сермеп қалды.  Күзен ысқырып, Сырбайға атылды. Екінші сілтегенде шірік бұтақ  сынып кетті. Күзен баланың кеудесіне жабыса түсті. Алқымына қарай  тырмысқан жыртқышты желкесінен қапсыра ұстап, әлі жеткенше сығымдай берді. Бірақ күзеннің жағы ашылар емес, қарысып қалыпты. Сығымдай берді бала. Жыртқыштың ұры көздері  шарасынан  шықты.


Сырбай өлген күзенді лақтырып тастады да,  қоңыр қоянды ұстап алды. Желкесінен қан ағып тұр. Қоянды  етегіне орап, жүгіре  жөнелді. Бірнеше күннен соң Сырбайдың қояны көжектерін ертіп, қора сыртында жайылып жүрді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу