30.12.2022
  132


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Заманға жаман күйлемек

...Тек айтыңыз, бүгін жаназа күні екі бие сойдырып жатырмын. Қырқына тағы бір бие сойдырам. Бола ма? – деп қырықтың қырқасына шыққан, доптай домаланған тып-тығыз жігіт ағасы шегір көзін қадап ауыл имамының алдына тапжылмай тұрып алды. Қырық шақты адам отырған зал іші сілтідей тынды. Имам ақырын ғана бұл шектен шыққан ысырап, әруақ аста-төк аспен риза болмайтынын айта бастағаны сол еді, әлгі мейманасы тасыған пысықай ашулана, қолын бір сілтеп, теріс бұрылып жүре берді. Жұрт әлгінің әдепсіздігіне ұялып төмен қарады-ау деп ұрлана көз тастасам... Тіпті басқа. Әркім әр жерден күңкіл-сүңкілмен имамды айыптап, кінәлап жатыр: "Кісінің дүниесін несіне қызғандыңыз, сойса өзінікін сояды екен, сіздің неңіз кетеді?", "Оларды бәрібір тоқтата алмайсыз, білгенін істейді, құраныңыз бен дұғаңызды оқып, тыныш отыра бермейсіз бе?" т.с.с. Ауыл-үйдің ақсақал, естияр деген ер-азаматтарының сөзінің түрі осындай.


Танысым қояр да қоймағасын бірде оған еріп бір бай деген сыйласының үйіне қонаққа бара қалдым. Көз тартар зәулім коттедждің көк қақпасынан зіңгіттей келбетті жігіт қарсы алды. Байқаймын қағылез, елгезек. Өзін Абзал деп таныстырды. Жол көрсетіп, қолға су құйып, дастарқан жайып, осы үйдің бар шаруасына жанын сала кірісіп жүр. Бір ғана кемістігі: аяғын сылтып басады екен. Сондай-ақ, даусы жұмсақ, бірақ дыбыстағанда бір қырыл естіледі. Еппен сұрай келе ол осы үй отағасының інісінің баласы екенін білдік. Көзі ойлы да нұрлы. Бірақ, бір мұң бар ма қалай... Сол күні мені ерткен танысым үй иесімен байлық туралы айтыса-тартыса өзара оқшау қалды. Мен ретін тауып қашқалақтап жүрген Абзалды сөзге тарттым. "Мен әке-шешемнің жалғыз баласымын. Біз күйлі-қуатты тұрдық. Мен онға келгенде, олар ұшақ апатынан қаза тапты да жетім қалдым", – деп ұрлана-мұңая сөйледі, – содан бері осы көкемнің есігіндемін. Әке-шешемнің бар дүние-мүлкін басып қалып, мені мектеп бітіргеннен соң оқытпай, үй жұмысына жекті. Ерке өскен басым, алғашқыда көнбей, қиғалық салдым. Көкем сабамақ болып тұра қуды, мен қаша жөнелдім, сол сәтте балтаны жіберіп қалып, сирағымды сындырды. Ол ол ма, менің даусым саңқылдап шығатын еді. Сол неге екенін білмеймін, туғалы көкеме менің үнім жақпады. Мен сөйлесем, жүйкесі тозғандай болады. Бір күні удай мас болып келіп, аяқ-қолымды байлап қойып, көмейіме қайнаған су құйғанда есімнен танып қалдым. Сенерсіз, сенбессіз, шыным. Туған інісінің баласы болсам да..." – деп, жанары жасаурай, орнынан тұрып кетті.


Марк Орэл деген оқымыстының: "Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам, – бүгін мен адам бейнесіндегі жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аман-есен оралуым керек", – дегені бар. Мен де сондай күйді кештім. Абзалдың көкесінің босағасынан тезірек кетіп, ойлап келемін, – бұл кім сонда? Қатыгез, болмашы байлыққа күйлеген жаман ба? Жаман-ау, сірә, жақсы болса туған бауырына қол көтеріп, қорлық көрсетер ме еді?..


 


Жарайды, фәниде адам пендесінің басынан не өтіп, не келмейді? Қатарыңнан қалмай, өмір сүру керек. Жөн-ақ. Рас, заман өзгерді. Жаңа құндылықтар пайда бола бастады, жаңа мәдениеттер қалыптасатын түрі бар. Адамзаттық өркениеттер алмасуға айналды. Ендігі жерде адамзат баласы бір-біріне бауыр, дос-жолдас, мейірман болар деген үміт кемеліне келіп, ізгілік пен қайырым мен мейірім үстем болуы тиіс еді. Ал, біз айдың күні аманында қаны бір бауырымызға қысастық жасаймыз. Қайтсек жақсы боламыз?


Түсте теледидарды қоссам "КТК" каналынан жаңалықтар беріп жатыр. Дардай бір мекеменің дырдай бір елудегі бастығы тапа-тал түсте, шынашақтай жиырмадағы хатшы қызына ашуланып, бас салып тепкілеп, көкала қойдай ғып сабап тастапты.


Тағы да сол жүгінсек қария сөзге жүгінеміз. Ақыл сұрағанда абыз: "Қарау болма. Ар-ұятыңды төкпей жүр. Тасымай жүр, тасыған төгілер. Ақылмен жүрсең, рулы елді жайларсың", – деп батасын беретін еді...


"Бақ біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады, тауып қонғаны есейтеді, ауып қонғаны есіртеді" дейді халық. Сіздерді қайдам, біз бүгінде осы ауып қонған бақ көбейіп бара ма деп қауіптенем.


"Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек", – деп, Абай атамыз заманға кінә тақпа! – дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу