Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  103


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Сұр қаншық

Тартуы екен әкеме бір кісінің,
(Ит сыйламау жолдасқа білгіш ұғым).
Достықтары не болды бейхабармын,
Қаншық ит болды, есейіп сұр күшігім.
Маңайынан жүрсін деп әркім аулақ,
Қоя бермей, өсірдік қарғыбаулап.
Аяқасты ит қаптап ауламызға,
Сұр қаншықтың үйшігін алды жаулап.
 
Бәрін қудым...
Көрсін деп кім тиісіп,
Қайтып жатты төбеттер бұртиысып.
Сұры қашып сұр қаншық жүдеп кетті,
Өлі жүні үстінде үрпиісіп.
Қыңсылады түнімен ол мұңайып,
Алғыс алмай, мен тарттым орнына айып.
Қарғыбаудан амалдап сытылыпты,
Ертесінде ауылдан болды ғайып...
Итім қайда,
Айыбым неден болды?!
(Жоғалғанын көрші атай менен көрді).
Ауық-ауық достарым жеткізеді,
Шулатып жүргендігін төменгі елді.
Апта өткенде оралды...
(Жымың қағып),
Жақсылыққа әйтеуір ырымдадық.
Қарға аунаған түлкідей түгі жайнап,
Сұр қаншығым кетіпті сұлуланып.
Төбеттер де тоқтатты аңдығанды,
Күшігін қалап кейін әркім алды.
Обал-ай деп қоямын бейшараға,
Жүдеген қаншық көрсем қарғыбаулы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу