Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қора менікі болғанмен
Қойы елдікі.
Қыста қойыңды бақ,
Жазда шөбіңді шап!
Қой қорасына тартады,
Жігіт жорасына тартады.
Ақсақ қойдың аузына
Жел айдаған қаңбақ түсер.
Жаман қой өршіл,
Жаман ат тершіл.
Жақсы қойшының
Төлі түлеп туады,
Жаман қойшының
Төлі жүдеп туады.
Айдай салдың малы өспейді.
Көре салдың қойы өспейді.
Қошқарды күйегімен,
Киікті сүйегімен жұтады...
Қой қозысын іздейді,
Шаруа қонысын іздейді.
Қой асығы демегін,
Қолыңа жақса сақа қыл.
Сиыр бақтым — сидаң қақтым,
Ешкі бақтым — еңіреп бақтым.
Қой бақтым— қоңыраулаттым.
Астауда қалған суды
Арық қой ішеді.
Қой жайын көздесең
Құмға көш.
Сиыр жайын көздесең,
Сырға көш.
Қойдай қоңыр,
Қозыдай момын.
Қой— байлық,
Жылқы —сәндік.
Той өтті —
Қой бітті.
Тойсаң,
Тоқтының еті топырақ татиды.
Жарлының жалғыз қозысы.
Қасқырға жем болады.
Қынына қарап, пышағын таны,
Қозысына қарап, тұсағын таны.
Қойым тоқ қорамда,
Қайғым жоқ боранда.
Қой жүрген жер береке,
Қыз жүрген жер мереке.
Саулығың шелді болса,
Тұсағың төлді болар.
Қойы көптің — тойы көп.
Күндіз қойын күтерсің,
Кешке жүнін түтерсің.
Қошқар соймай, қой сойсам,
Жасық дерсің.
Қой соймай, қошқар сойсам,
Сасық дерсің.