Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  133


Автор: Мыңбай Рәш

БАЛКОНДАҒЫ БАЛА

Қай жылы, күні, айы, көшесі де,
Сенсеңіз, қалмапты ғой еш есімде.
Оқушым, оқиғаға араласып,
Менімен бірге қиял кешесің бе?!
Берлинде, түс ауған кез шамасында
Шағындау мінгізіп ап шанасына.
Аулада бал бөбегін серуендетіп
Бір ана жүрді десем, нанасың ба?
Қабағы неге бөбек түйіледі,
Ерке ғой, мінезі де қиын еді,
Тағы да сырғанақты тепкісі кеп,
Қыңқылдап анасына «шүйіледі».
Кеңіткен тар құрсағын бөбегіне
Жас ана, лажы қайсы, көнеді де.
Таусылмас тіршіліктің күйбеңі көп,
Бәйек боп сұрағына, керегіне...
Бал бөбек көңілінің аласы жоқ,
Қамқоры қасындағы анасы боп,
Асыр сап сырғанаудан жалықпайды-ақ,
Ешкімнің шатағы жоқ, таласы жоқ.
Бөбек-ай қысқа күнде құбылмалы
Анаға тағы не деп жылмыңдады.
Жетектеп бал бөбегін қайтты ана
Осылай етуші еді бұрындағы.
Бөлмеде жетер не бір ойыншықтар,
Қуыршақ, кәдімгідей қой, мысықтар...
Түр, түсін түгендейді баршасының,
Былдырлап ойнап бала беу, қызықтар...
Күйбеңі таусылған ба аналардың,
Күндіз-түні ойлайды да бала қамын.
Бөбегін ұйқтатқан соң сыртқа шықты,
Дүкенді керек екен аралауы.
Шықты ана бала бірден оянбас деп,
Пәлендей қауіп-қатер таянбас деп.
Болған жоқ бөгде күдік ойында оның,
Кеп қалар әкесі де таяуда-ақ деп.
* * *
Жас солдат сыптай киінген
Аяғын сілтеп нық басып.
Келеді нұрлы жүзінде
Алғырлық, жігер жұптасып.
Қояды үнсіз жымиып,
Тартады жайлап шылымын,
Ойына түсіп кетті ме
Қылығы қалыңдығының?!
Сағатқа қарап қояды,
Қалмайын дей ме аялдап?
Қандай ол ойға шомады?
Айтуым қиын баяндап.
Армандар нені, іздер не?
Тебіренер не деп жүрегі?
Ол жағы жұмбақ біздерге,
Білсе өзі Игорь біледі.
Кешікпей сайрар бұлбұлы,
Қылымси қарар жасыл бақ,
Мезгілден жүйрік жоқ шығар
Жас қосып жатар жасыңа.
Келеді Игорь ойында
Ешқандай күдік тумастан.
Жарыса жылжыр көшемен
Машина біткен тынбастан.
Тығырыққа бір тыққандай
Түршігіп жаны шошынған.
Жерден жік бейне шыққандай
Оқиға болды тосыннан...
– Қараңдар, уа, адамдар,
Тәңірім-ай! – деп аңырап,
Бір кемпір тұрды алаңдап,
Оқыста жаны ауырып.
Зәулім бір үйдің қабатын
Таяғымен нұсқайды.
Селкілдеп тұрған тізесін
Уһілеп әрең ұстайды.
Суық хабар суылдап
Тарайды тез-ақ қашанда:
– Келіңдер, уа, адамдар,
Әрекет шұғыл жасауға!..
Тротуарға топырлап
Жиналып қалды көп адам.
Бір баланың өмірін
Алып тұр ажал жағадан.
Жаңадан келіп қалғандар.
– О не?! – деп аң-таң болады.
– Құтқару керек қалайда,
Обал-ай, анау баланы.
– Милиция!..
– Жедел жәрдемге!..
Телефон соғу қажет! – деп,
Зейнеткер даусы қарлықты
Үрейі қалмай безектеп.
Үлгермес олар... Көмекті
Жасайтын біздер боламыз –
Игорь тез шешті шинелін, –
Қайда әлгі, қайда баламыз?
Алтыншы қабат – балконнан
Бір бөбек шырыл қағады.
– Добымды бей! – деп жұлқынып,
«Мамалап» мұңын шағады.
Жалма-жан допты кәтеріп
Көрсетті Игорь балаға.
– Жылама! Әкеп берем! – дер,
Ал оған бала нана ма?
Бір қолы балкон жақтауын
Тастай ғып бөбек ұстаған.
Қоймайды-ақ добын жоқтауын
Екінші қолмен нұсқаған.
Аяғы – балкон сыртында,
Құлауға тұр-ау шақ қалып,
Қарау да қиын тұрқына,
Тұрмаса болмас сақтанып.
– Мінеки, добың! – дер Игорь, –
Тек қана, бөбек, құлама!
Жарай ма, келем қазір-ақ,
Беремін әкеп, жылама!..
Анасы жоқ-ау үйінде,
Деп түйді Игорь сол бір сәт.
– Жылама, жақсы балақан,
Құлама, бөбек, құлыншақ!
Шыдауға енді шама жоқ,
Керек-ақ ойлау амалын.
Есіл-дерті сол бала боп,
Аударды соған жанарын.
Шинелін керіп екеулеп,
Балконның келіп маңына:
– Абай бол, бөбек, абай бол! –
Өтінді Игорь тағы да.
Қас қағым – бала ажалы,
Кетпек пе сеніп қыршын жас?!
Бір үрей алды мазаны,
Көзінен шықты ыршып жас.
«Тап мына бөбек орнында
Қайтер ем болсам өзім мен?» –
Батады қатты жанына
Аяныш, қорқу сезіммен.
Көбейіп кеткен тұрғындар,
Табанда берер жәрдем жоқ.
Бүгжеңдей қарар кемпір, шал.
Күресер еді-ау, дәрмен жоқ.
Ажалы тұрды баланың
Қас қағым – қылдың үстінде,
Шалағайлығы-ау ананың,
Тап қылған халін мүшкілге.
...О, ғажап! Бөбек шыңғырып,
Төменге атқан допқа ұқсап,
Келеді зулап, құлдилап,
Болмаған шығар мұндай шақ.
Қас қағым еді, бақсаңыз,
Өлім мен өмір арасы.
Құтқарсаң, айтар жақсы аңыз,
Тағдырды мына қарашы!
Өріліп жатар өмірдің
Қуанышы мен қайғысы.
Өрекпіп тұрған көңілдің
Иесі қандай, қай кісі?!
Топ етті доптай жас бала
Керілген сол бір шинельге.
– Жарайсың, солдат.
– Масқара...
– Апарыңдар тез үйге енді...
Жетіп те келді жалма-жан
Желаяқ «Жедел жәрдем» де.
Милиционер: «Тара! – дер, –
Үйлеріңе қайт келгендер!..».
Игорьды тастай құшақтап
Жіберер бөбек түрі жоқ.
Анасы оның ес-түссіз,
Қарайды көптің бірі боп.
Баласын жатыр аймалап:
– Бөбегім, тірі бармысың?!
Жаныңнан солдат айналдым! –
Игорьге айтып алғысын...
Денесі дір-дір етеді
Шошынған сол бір бөбектің.
Құшақтың сезіп не екенін
Қуанды бала ерек тым!
...Игорьдің қалыңдығы қалған жаурап,
Көз жасы омырауға аққан саулап.
– Сен мені сүймейсің! – деп құлазыды, –
Кинодан кеш қалдық, – деп және даулап.
– Катрин, бүгінгі кеш кешір мені,
Жазықсыз кінәлайсың несін мені?!
Ажалдың тырнағынан бір сәбиді
Келгенім арашалап осы деді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу