Өлеңдер ✍️
КӨК КӨЙЛЕК
Бар еді мен көргенде көк көйлегің,
Сол көрген көк көйлегім жоқ қой менің.
Ішінде көк көйлектің көгілдір қыз
Лаулаған, лапылдаған от қой дедім.
Көк екен көйлегің де, көңілің де,
Көрмеппін сендей сұлу өмірімде.
Қарттықты қыр басына матадым да,
Мамырлап қайта оралдым сері күнге.
Жер де көк, көйлек те көк, аспан да көк,
Жүректе жау шапқандай басталды әлек.
Ойладым: «Осы қызды опыр-топыр,
Армансыз ауылға алып қашсам ба?!» – деп.
Ашылып қарсы алдымнан алтын қақпаң,
Жанарың жанды баурап жарқыл қаққан.
Көз алдым көкпеңбек боп тұрды-ау біраз,
Сағым ба, сағыныш па қалқып жатқан?
Сол көйлек көзге елестеп көк күйінде,
Кимейсің неге қазір,
Жоқ па үйіңде?
Көмілген қоламтадан жылт-жылт етіп,
Әлі жүр көк көйлектен шоқ бүйірде.
Күлкі ойнап гүл жайнаған үр өңіңде,
Сол бейнең қалды мәңгі жүрегімде.
Көк көйлек киген қызға кезіктірген
Өкпем жоқ, өкінішім жоқ бұл өмірге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇