Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  165


Автор: Темірше Сарыбаев

АРАМЫЗДЫҢ АЛШАҒЫ-АЙ...

Мен – кексемін,
Ал сен – жассың қаршадай,
Арамыздың аспан-жердей алшағы-ай.
Ой-қиялдың ойпы-тойпы сарсаңы-ай,
Көз алдымда күндіз-түні көлбейсің
Қия-шыңға жалғыз біткен аршадай.
Көлбе, көлбе,
Көлбе, көлбе,
Көлбесең,
Мен – төменде,
Асқақтайсың өрде сен!
Ақ жаңбыр боп себелейін, шөлдесең,
Түу биіктен тура қарап тұрасың,
Қиялым да қорғалайды, сермесем.
Асқақтасаң, асқақтай бер, арша-арман,
Мен ғана ма жалғыз саған тамсанған,
Мен ғана ма саған арнап ән салған?..
Сенімімді күмән жеңіп барады,
Бізді бақыт тосар екен қанша алдан?!
Өз-өзіммен арылмастай даудамын,
Неге, неге жүрегімді жауладың?
Зауалымның сезгендеймін ауғанын.
Көктем мен қыс жүрегімде тайталас,
Бүрін кештеу жарар ма екен бау-бағым?..
Бала күнгі әуенім бе тыңдаған,
Жігіт күнгі дастаным ба жырлаған.
Қайдан келіп жабысты екен мұң маған?
Жалғыз жауап қайтарсаңшы,
Аршам-ау,
Оқжетпестен орамалын бұлғаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу