Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  111


Автор: Танакөз Толқынқызы

САЯЖАЙ, САРЫ ТИІН ЖӘНЕ МЕН

Саяжайда жаңғақ іздеп тиін жүр,
Сені іздеген менің сорлы күйім бұл.
Қиын болды кеудемді шыр айналып
Басылмайтын бір алапат құйын жүр.
Қаңбақ сынды бағытынан жаңылған
Жаңғақ іздеп сары тиін сабылған.
Мен секілді бейберекет шарқ ұрып
Тау ішінде таппай сені аңырған.
Сары уайым-ау, жолдас болған
жолда мың,
Кекілі ұзын сары гүлдей
солмадың.
Алып қашқан саған қарай жүрекке
Саяжай-ау, сен де сая
болмадың.
Сары тиін жүгіреді тоқтамай,
Бізді айналып өткен болар бақ талай?
Сен дегенде сарытап болған бір сезім
Лап етеді құйылғандай отқа май.
Саған ұқсап өсетіндей тал, емен,
Жын елестеп, шатастым ба бәлемен?
Іздеп жүрген сияқтымыз тек сені
Сол саяжай, сары тиін және мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу