Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  256


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Сағындым ауылдағы жеңешемді

Көрікті еді көңілді ауыл маңы,
(Ұмытылмас өткен күндер ауылдағы).
Жүр ме екен қара жолға қарағыштап,
Ақ жарқын айна жеңгем ауылдағағы.
Елжіреп: «айым», деген; «күнім», деген,
Көргенде ақ бұғағы дірілдеген.
Ауылдың басындағы көк тұмадан,
Су алып қайтушы еді сұлу жеңгем.
Атымды төте атамай келте ғана,
«Келші», -деп шақыратын, -«ерке бала».
Иіліп үйге келген үлкендерге,
Төрінен жүгіретін көрпені ала.
Жағатұғын жатқа да, жақынға да,
Жеңгемді аялайтын ақылды аға.
Тіпті де көріктеніп кетуші еді,
Шұбалтып бал шұбатын сапырғанда.
Күндіз, түн қарбаластан тыным алмай,
Жеңгем шаршап жүретін тыныға алмай.
Сиыр сауып, сүт тартып, мал қайырып,
Уақыт та шықпайтын тынығардай.
Табатын ата менен ене бабын,
Ойлайтын бала жайын, аға қамын.
Аяулы ауылдағы ақ жеңгемнің,
Сағынған татам барып қашан дәмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу