Өлеңдер ✍️
КӨЛЕҢКЕ
Қаланың қар жамылған сұсты Алаңы.
Қалбаңдап тал басына құс қонады.
Қарайған көлеңкенi көзi шалса,
Қазақтың ауруы бар ұстамалы.
Көлеңке ұзарады, қысқарады,
Қолыңа қар емес-ау, қыс қонады.
Төменде зуылдайды заман көлiк,
Төбеңде шуылдайды құстар әнi.
Көлеңке жоғалады... түсте келсем,
Кiм бiлсiн, түңiлте ме түскен еңсем.
Жаныңа кiм жуысын жақын келiп,
Сыртың сау бола тұра iштен өлсең?
Көлеңке ұзарады бесiн ауа,
Ене алмай ел iшiне есiл ауа.
Қайдасың, қайран, қамсыз күндерiм-ай,
Қарайтын қалқатайға есiң ауа?..
Балайтын қарайғанның бәрiн досқа
Не дейiн қандас, мұңдас қарындасқа?..
Жүректе өлiп жатқан зарым басқа,
Құлаққа келiп жатқан сарын басқа...
Сол сарын салатындай санама ойран..,
(Аңғарсын сөз астарын бала қайдан.)
Сарт етсе-ау маңдайыма сала құлаш
Бiр бұтақ ұшып түскен Қарағайдан!
Көлеңке көрiнбейдi екiндiде,
Елемей жесiрдi де, жетiмдi де.
...Қара жер қабір болса (кеше гөр, Хақ!),
Мына Алаң құлпытасы секiлдi ме?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇