Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  132


Автор: Исраил Сапарбай

ОПТИМИСТIК ТРАГЕДИЯ

Құрықсыз ерке өскен құлындарым,
Заманның көрмеймiсiң құбылғанын:
Ұясын ұлы жұрттың қорғаймын деп
Қайтейiн, шырылдады-ау шыбын жаның!
Ұяға өрмелеген жылан басын
Алдымен сендер емей кiм аңдасын?!
Жыртылса көк қабаты – қыранға сын,
Күн туса ел басына – ұланға сын!..
Арда емген ана сүтiн аңғалдарым,
Қан жұтып қапияда қалғандарым.
Атқан таң, батқан Күннiң шырайында
Талыстай тас алаңға тамған қаның!
Өр мiнез өжеттерiм, өткiрлерiм,
Өксумен өттi-ау, әттең, көп күндерiң...
Дақ қалды-ау босағамда бас аманда,
Тапталды-ау тас алаңда шоқ гүлдерiм...
Жаралы жолбарыстай жалғастарым,
Жатпайтын қын түбiнде алмастарым!
Бездiңдер бодандықтан белдi буып,
Сездiңдер бостандықтың алғаш дәмiн!
...Тот басып қасқыр қапқан қақпан қалды.
Қара жер қайта түлеп мақпалданды.
Қай заман қашан жуып-шаяр екен
Қазақтың қабағына қатқан қанды?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу