Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  567


Автор: Аманжол Әлтаев

АЙБЕК ҚАЛИЕВ ПЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ АЙТЫСЫ

Аманжол:
Жырменен жазып жүрген жан жарасын,
Ұлы едім тұғыр тұтқан cap даласын.
«Ақжолтайлап!» алдыңда сөз бастайын,
Жолымның сәтті қылғай, Алла, басын.
Маңғазданып қарайды тау құлжасы,
Басса да меңіреулі жар жағасын.
Табан етін тас тілген жолбарыстың
Жазады каңтардағы қар жарасын.
Ер түркінің бұтағы – бабам қазақ
Ат үстінде өткізген арда жасын.
Ер Тарғындай ер болсын деген анам,
Халқын ойлап сүйеген талға басын.
Ғаламнан ғаділетті жол іздеген,
Армысың, қалың елім, арлы Алашым!
Елден үміт үзбедім ес білгелі,
Өнерден өгейсітпес ешкім мені.
Алла берген несібем өнер еді,
Өмір атты өрілген бес күндегі.
Ұлтымның жүрегіне жеткен өлең,
Талай ғасыр өтсе де ескірмеді.
Қасиетті халқымның арқасы ғой,
Дауысымның саңқылдап естілгені.
Жүректен жарып шыккан жырларымның
Келіп тұрмын кіндігн кестіргелі.
Ерекше жаралғандай жаның нұрдан,
Алты алаш үміт күтер жалынды ұлдан.
Шашуымды шашайын дәстүрменен,
Келгенде боз жусанды сағым қырдан.
Осылай өмip деген өте берер,
Жастық шақ артта қалып сағындырған.
Тойыңыз құтты болсын, Амангелді,
Алпыс жастың асуын бағындырған.
Дархансың Сарыарқаның даласындай,
Мәуелісің Жетісу ағашындай.
«Отан» партияң халқыма қамқор болсын
Әлихан аталардың «Алашындай».
Ұлтын сүйген тұлғалы қайраткер бол
Байтұрсынның кемеңгер баласындай.
Күлдір-күлдір кiciнeтiп күлікті өрден,
Тетелесіп шығып ек ұлық белден.
Жолы бөлек, Айбек-ау, інім едің
Сәлемін орынынан тұрып берген.
Жөн сілтейтін алдыңнан ағаң едім,
Сұрасаң бip бүйрегін жұлып берген.
Жалған қоңыраулардың әcepi ғой,
Жеңісті екеумізден бұрып берген.
Мінеки, Құдай қолдап қайта шықтық,
Оң тілеу болғаннан соң ғұрыпты елден.
Қатар қанат қағайық кел екеуміз,
Eгiз аққу ұшқандай тұнық көлден.
Айбек:
Біссіміллә, сөз бастадым жарық құттан,
Алланың әз есімін қалып тұтқан.
Ассалаумағалайкум, Қазақстан,
Қыраның қанат қомдап алысқа ұшқан.
Өткен жолы жеңіліп Мэлс ағамнан,
Өртеніп, күйініштен налып шыққам.
Сәкендей ағамызға мың рахмет
Газетке ақиқатты жазып шыққан.
Ақиқатты сүйетін алты алаштың
Алдына қайта мені алып шыққан.
Қабыл ал сәлемімді, арда қазақ,
Жұдырықтай жүректен жарып шыққан.
Аманжол, ағам едің ардақтаған,
Бағасын асыл сөздің салмақтаған.
Keшeгi серілердің сарқыты едің,
Бip болса, сендей болар аруақты адам.
Бip туған бауырыңыз болғаннан соң,
Жатырсың жылы сөзді арнап маған.
Ағайынды қоңыр қаз шыққаннан соң,
Ақ сөзімді айтармын талғап саған.
Кезіккен Батыраштың балтасына
Құлагер ек шашасын шаң қаппаған.
Айластың мұңы бip деп қазақ айтқан,
Қос мұңлықты бұл күнде ар жақтаған.
Алайда белдесуге келгеннен соң,
Жараспас сен жақсы деп жалбақтаған.
Сөздерді сен де естідің, мен де естідім,
Біздерді жаттанды деп тармақтаған.
Сондықтан суырып сап айтысайық,
Сөздерді қоя тұрып бар жаттаған.
Билікке дат айттың не, хат айттың не,
Зарыңды тыңдамайды заржақ қоғам.
Қапталдағы үш найзаны жырлап көpшi,
Танытып ақындықты, ардақты ағам.
Әйтпесе көк мылжың таусылмайды,
Дөңгеленіп біткенше қаңбақ далам.
Аманжол:
Жаралған тұла бойы парасаттан,
Айтулы інім едің дара шапқан.
Бip сынайын дедің бе Аманжолды,
Сұрағың найза болды-ау жаңа тапқан.
Толғанып тосын сауал қойсаң-дағы,
Құрмассың қарсы алдымнан қара қақпан.
Сол найзаны қолға алып батырларым,
Қастасқан дұшпанына қан асатқан.
Аяулы ақ жаулықты аналарым
Ақ найзаға сүйеніп бала тапқан.
Сол найзаның арқасы, біле-білсең,
Сақтаған бізді талай алапаттан.
Найзасыз елестетпен ер бабамды,
Найзагер қып өcipeм бел баламды.
Күлтегін, Еділ патша, Бейбарыс боп,
Жаулағам ақ найза ұстап мен ғаламды.
Шашақты сол найзаның арқасында
Аталар қорғап қалған кең даламды.
Ағайын екеумізге үңілгендей,
Жайым жок сұрағыңнан сүрінгендей.
Найза жайлы сұрақты қойғаныңмен,
Толғай алар ма екенсің, iнiм, мендей?
Жүрсінге сол найзаны ұстатсаңыз,
Болмай ма Ер Махамбет тірілгендей.
Найзалы ұл күзеткен қақпа бекем,
Найзалы ер жайғасқан атқа бекем.
Найзаға сап болсын деп атам қазақ,
Түзу өскен қайыңды шапқан екен.
Дұшпанымның сауытын cөкciншi деп,
Ұшына болат темір қаққан екен.
Боз айғырдың кекілін кесіп алып,
Желбіретіп басына таққан екен.
Ақ найзалы қазақтың бip баласы
Болғанымды әрқашан мақтан етем.
Сұрағың найза болды-ау сенің маған,
Жауабымнан білінер менің бағам.
Ер Науан – Наурызбайдың атын қойған
Тербеліп өciп жатыр сенің балаң.
Ақжолтай Ағыбайдың атын берген
Ержетіп келе жатыр менің балам.
Eкeyi де найзадай жігіт болсын
Жауларымнан қорғайтын елімді аман.
Бек шақта басылмасын жарқылыңыз,
Екеуіміз де қазақтың алтынымыз.
Шашубай, Жамбыл, Қайып, Нұрхандардың
Өнерін жалғастырған сарқынымыз.
Қалқанды саған енді жырла десем,
Жетер ме оған, Айбек, қарқыныңыз?
Қысылмай қадау-қадау ой айтарсың,
Шыдаса табаның мен балтырыңыз.
Алты найза секілді сахнадағы,
Бауырым, болсын лайым алты ұлыңыз!
Баһадүр бабаларым тең алысты,
Найзаласып алаңда кек алысты.
Yш найзаға қарап мен елестетем
Ақарыс, Жанарыс пен Бекарысты.
Ақ найза жарасад-ау күлікті ерге,
Найза ұстап қадам бастым үміттерге.
Бірліктің ұлы қасиет екендігін
Ғажап қой өмip cүpce бiлiп пенде.
Мығым тұрады екен-ау қара жерге,
Yш найзаның бастары біріккенде.
Айбек:
Аманжол, айтыс десе желдетеді,
Ол сөйлесе тынады жел де, тегі.
Найза жайлы толғанып, тебіреніп,
Әдемі әуенімен тербетеді.
Қалқан жайлы жырла деп інiciнe,
Неліктен бүгiн ағам кер кетеді.
Несиеге қалдырмай сол қалқанды,
Өзің-ақ жырлай салсаң нең кетеді?!
Найза мен қалқан деген – егіз ұғым,
Жауынгер қазағымның келбеті еді.
Қарыз болып қалмайын сізге бүгін,
Сөзімді күтіп отыр ел де, тегі.
Алдында, Аман аға, қалқан жайлы
Мынау інің өлеңін өрлетеді.
Сыныңыздан сүрінбей сырғып өтіп,
Сырлы сөздің тасқынын селдетеді.
Қалжа жеп «қыбы» қанған келіншектей
Маңдайын Аманжолдың терлетеді.
Маңдайың ал, Аманжол, шын терлесін,
Ініңіз қалқан жайлы жыр тербесін.
Қалқаным – әз Алатау асқаралы,
Шыңдарын еміреніп бұлт емгесін.
Бip қалқаным – Алтай мен Тарбағатай,
Одан асып Қытайдың құрты өрмесін.
Бip қалқаным – Каспий мен Ақ Жайығым,
Мақтанышпен айтайын сыр пернесін.
Бip қалқаным – Қостанай, Қызылжардың
Орманынан өзің де гүл тергесін.
Төрт қалқаным төрт жақта тұрған кезде
Төрт құбылам тең болып, ұлт өрлесін.
Бip қалқаным мына отырған ел емес пе,
Ол барда көгімізден күн сөнбесін.
Бip қалқаным – Елбасым Нұрсұлтандай,
Биіккe Қазақстан жұрты өрлесін.
Бip қалқаным – Айталыдай депутаттар,
Қорғаштап басып жүрген тіл пернесін.
Бip қалқаным тіл менен дін емес пе,
Ғаламдасқа оятар ұлт зердесін.
Бipлiгiмдi білемін бip қалқан деп,
Жаһандану басталса шын тeңдeciм.
Қалқанымыз тесіліп iш жағынан,
Үш найза бip-бipiнe сілтенбесін.
Жаратқан мейірімнің нәрін беріп,
Лайым қона берсін әр үйге құт.
Ол рас, Құдай бізді қуантқан ед,
Былтырғы жыл iзбacap сәби бepiп.
Ақжолтай, Наурызбай деп атын қойдық,
Ырымдап жақсылықтың шамын көріп.
Ағыбай, Наурызбайлар өтпеп пе еді
Азаттық деп ел үшін жанын бepiп.
Солардың ерлігі мен достықтары
Бүгінгe жетпеп пе eдi аңыз болып.
Екеуміздің ұлымыз дос боп өссін,
Бабалардың көрмей кеткен бағын беріп.
Олардың болашағы қалай болар,
Сол жайында толғаншы зар иленіп.
Осыларды ойласам ұйықтамаймын,
Қайғыдан қабырғама қан илeнiп.
Балаларды кейінгі болашақ деп ceнeмiз,
Келешегін солардың қай жағдайда көpeмiз?
Осы жайлы толғашы, артыңа тастап терең із,
Күн ертең олар ержетіп, сұрақ қояр тepлeтiп,
Сол кезде айтшы, Әужеке, қайырламай ма кeмeмiз?
Қорқатын жалғыз Құдайдан айбының қайда дегенде,
Не қалды кеннен, мұнайдан, байлығым қайда дегенде,
Иманды ұлдың ғашығы – дiнiмiз қайда дегенде,
Ұлтымыздың асылы – тiлiмiз қайда дегенде,
Keшeгi өткен ғаламат еріміз қайда дегенде,
Бабадан қалған аманат – жеріміз қайда дегенде,
Намысқа қалай көнеміз, ұяттан қалай өлеміз,
Не деп жауап береміз, қай тесікке енеміз?..
Аманжол:
Сезімді жүректегі жасырмаймын,
Жаңбыр-жырды селдетпей басылмаймын.
Қалжаның сорпасымен шатастырма,
Құланның етін жеген батырдаймын.
Ел едік ақиқатқа бас иетін,
Өмірдің көрдік талай қасіретін.
Батырлар қанжарымен турап жеген
Қалқаннан кер құланның асым етін.
Компьютермен ержеткен бүгінгі ұрпақ
Қалқанның түсінсе екен қасиетін.
Адамды алмастырған құмай жарық,
Күн ұяға батады-ау бip айналып.
Қасым ақын айтқандай, ұрпақ жайлы
Күніне жүз толғанам, мың ойланып.
Бәрін неге шетелге саттыңдар деп,
Heciбeciн ұрпақтар сұрайды анық.
Түбі жауап беретін сәт келеді,
Уақыт арба жылжиды шыр айналып.
Осы жайлы бүгінгі шенеуніктер,
Дұрыстап көрсең қайтед бip ойланып?
Бұл менің сөзім емес жай бүгінгі,
Көтердім ақындарға сай жүгімді.
Халқын сүйген қайраткер аз болып тұр,
Саясатшы көбейіп маймыл үнді.
Күлдір-күлдір кiciнeп оқыранған,
Азаматтар, қайдасың, айғыр үнді.
Айбек-ау өзің айтқан сол заманда,
Ұрпаққа түсіндірем қай мұңымды,
Шет елдерге саттық деп қалай айтам,
Қайда деп сұрар болса байлығымды?
Дөңгеленген дүние – шарайнада
Бұл жайлы айтып өткен талай дара.
Өзімдікі дей алмай өз малымды,
Қан жылап сынағандай Абай дана.
Жерді неге саттыңдар десе балам,
Жауабын қайтарамын қалай ғана?
Еркінсіп асағанмен бүгін майды,
Депутаттар, болмасын түбің кайғы.
Қалай жауап береміз, Айбек інім,
Сұраса дінім менен тілім жайлы?
Шендінің майланғанмен бip бармағы,
Ел еншілі деуіңе тіл бармады.
Ұрпақтарым бақытты болса екен
Eкi мың отызыншы жылдардағы.
Елімнің қамын ойлар қалқаны едің,
Шалқыған боз далада шалқар едің.
Ақаң менен Жақаңдай ұлды берген
Аман ба Торғайдағы дархан елің?
Айбек:
Тос деп ем жауабыңа құлағымды,
Көмейден ағыл-тегіл жыр ағылды.
«Берем, – деп, – қалай жауап, Айбек інім?»
Өзіме қайта қойдың сұрағымды.
Ұрпаққа бiз қарабет болмау үшін
Басынан тазалағын бұлағыңды.
Торғайдың айтар болсам сырын мұңды,
Саясат былғап кеткен тұнығымды.
Басталған 93-те Торғайдағы,
«Ақтабан» таусылмай тұр «шұбырынды».
Қостанай, Астанаға шұбырған көш
Жүрекке қанжар болып сұғылулы.
Көрмеген он жыл жарық ауылдардың
Бүгiнгi толған топан мұңы күнді.
Пайдасы «Ауыл жылдың» тимей жатыр,
Шығарсам ақиқат деп шын үнімді.
Ресейден елге әкеліп қойған едік.
Күтем деп болашақтан ұлы күнді.
Міржақып сүйегінің айдалада
Қалғаны шырқыратар шыбынымды.
Ауылы Міржақыптың тарап кетті,
Жұртында иттер қалды құр мұңды.
Әр жерде шыр-шыр еткен бip топ торғай,
Тыңдайтын жан жоқ сенің шырылыңды.
Үніңді бip Құдайға жеткізбесем,
Кеше гөр шырқыраған құлынынды.
Ақаң мен Міржақыпты туған Торғай,
Сен көрген қacipeтті кім ұғынды?..
Торғайға жағдай жасап берем десе,
Мен қазір қияр едім ғұмырымды.
Әй, бipaқ менің жаным кімге керек,
Қайғыдан құрт жеп жатыр жұлынымды.
Тілеймін Торғай төрге өрлесін деп,
Қиындық енді кайтып келмесін деп.
Ыбырай, Ақаң, Жақаң жаққан шырақ
Тағдырдың дауылымен сөнбесін деп.
Торғайдың мұңы менен зарын айттым,
Өзгенің бастарына бермесін деп.
Қиындық-қасіретті Торғай көрген
Қазақтың өзге жері көрмесін деп.
Торғай да, Торғай, Торғаймын,
Жүректе тұнған мол қайғым.
Мұңымның мәнін ұғатын,
Жырымның нәрін ұғатын,
Сырымның зарын ұғатын
Тыңдаушы жұртым кез келсе,
Сөйле деп маған сөз берсе,
Толғау да, толғау, толғаймын.
Yш жүздің асыл нәpi деп,
Айтқанда сөзі дәрі деп,
Абылай таққа мінгенде
Батасын берген баһадүр,
Шақшақтың ұлы Жәнібек,
Арыстан туған Торғаймын.
Алты алашқа күн болған,
Күннен тамған нұр болған –
Ахмет пен Міржақып,
Данышпан туған Торғаймын.
Әбдіғаппар хан бастап,
Амангелді, ол қостап,
Ақ патшаның өзін де
Торықтырған Торғаймын.
Әскерін итше сабылтып,
Қайратынан қағынтып,
Айбатынан арылтып,
Зорықтырған Торғаймын.
Әлихан құрған Алаштың
Ордасы болған Торғаймын.
Азаттық үшін күресте
Төлбасы болған Торғаймын.
Еміренген елім деп,
Еміренген жерім деп,
37-дегі қырғынға
Асыл берген Торғаймын.
Эрмитажға Кейкінің
Басын берген Торғаймын.
Сырбай, Ғафу, Кеңшілік,
Әдебиеттің күні кеше
Tөpiн де ойған Торғаймын.
Орнағанда азат күн,
Теңгесіне қазақтың
Қолын қойған Торғаймын.
Өз тұсында eкi рет
Өкімет болған Торғаймын.
Облысым жабылып,
Тынысым да тарылып,
Көрінгеннің ермегі,
Жетімек болған Торғаймын.
Тарихым, мiнe, осылай
Парақталған Торғаймын.
Қостанай, Ақмолаға
Жесір әйел секілді
Екі көзім жәутеңдеп,
Қарап қалған Торғаймын.
Тасынғандар басынып,
Масыл болған Торғаймын.
Басынғанға ашынып,
Батыл болған Торғаймын.
Ашынғаннан ашылып,
Ақын болған Торғаймын.
Ақиқатын айтайын,
Қорқатұғын нем қалды,
Қорқа-қорқа әркімнен
Батыр болған Торғаймын.
Құдірет-Кәрім бар болса,
Жаратқан ием жар болса,
Жұрт не десе о десін,
Облыс болмай қоймаймын!
Осылайша, Әужеке,
Торғай жайлы жырладым,
Қарап босқа тұрмадым,
Туып өскен елімнің
Айтып өттім жайын да.
Айналайын, Әужеке,
Сізді де бip сынайын,
Шақырып енді қайымға.
Жасың үлкен ақынсың,
Қайымың болса пайымда.
Аманжол:
Өткен күн өкінгенмен оралмайды,
Ұшқан құс бірлік болмай қона алмайды.
Сарпековтей нашарды сайласаңдар,
Таяу маңда облыс бола алмайды.
Айтыстың шақырдың ғой қайымына,
Мен де қарсы келмеймін пайымыңа.
Қайымның дариясында жүземін деп,
Ілece алмай жүрмеші қайығыма.
Айбек-ай, айтысуға бекем едің,
Келеді ағаң болып жетелегім.
Өзің айтқан Торғайдан парламентке
Депутат болып жатсаң не етер едің?
Айбек:
Ол рас, айтысуға бекем едім,
Дейсің-ау келіп отыр жетелегім.
Жетекті тазы ешқашан түлкі алмайды,
Жетектен қай түлкіге жетер едің?
Депутат болсам егер, Аман аға,
Өзің де осы жерде не етер едің?
Үйтемін, бүйтемін деп жұртты алдамай,
Қолымнан келген icтi етер едім.
Тапталып табандарда жатқан тілді
Тұғырға ең әуелі көтеремін.
Ойлаған ұлттың қамын ағам едің,
Тұлғаңды өзгелерден жекеледім.
Әдемі келбетіңмен салыстырсақ,
Әужеке, қыздан зият бетер едің.
Гүлжанның орынына, Құдай қалап,
Министр бола қалсаң не етер едің?
Аманжол:
Тұлғаңды өзгелерден жекеледің,
Министр болсам егер не етер едім?
Отырған әкелерге жағдай жасап,
Ел-жұртымды риза етер едім.
Көп балалы анаға жәрдем беріп,
Қазақтың көбейтер ем бөпелерін.
Осы айтқанның барлығы болмай жатса,
Өз еркіммен орнымнан кетер едім.
Храпунов жездеңнің орынына
Өзіңді әкім қылса не етер едің?
Айбек:
Тұлғамды өзгелерден жекеледің,
Дейсің бе әкім болсаң не етер едің?
Жоғары қызметті қимадың ба,
Тілегім төмендеу ме өте менің?
Тұрғанда министр боп Аманжолым,
Жұмақтай Алматыны етер едім.
Жаптырып заправка атаулыны,
Табар ем табиғаттың бөтен емін.
Дұрыстап, жол біткенді тақтайдай ғып,
Жақсы істің табар едім төтерегін.
Саин мен Сейфуллинде тұрғандардың
Бәріне жұмыс тауып берер едім.
Жанында жетім бұрыш жүргендердің
Бәріне бip-бip пәтер әперемін.
Аманжол министр боп тұрған кезде
Қаржыға басым ауырмас өте менің.
Осылай ару қала Алматыны
Аялап, қадіріне жетер едім.
Ciз сұрап жатырған соң айтқаным ғой,
Келмейді бос мылжыңмен тепелегім.
Алаштың арын ойлар арманымды
Келмейді бос қиялмен некелегім.
Ақын болғым келеді, ақын болғым,
Әкім болғым келмейді, көке, менің.
Аманжол:
Соңымнан epiп шыққан тетем едің,
Ел алдында демеймін бөтен едің.
Әкімдік министрден төмен емес,
Сондықтан қомсынасың бекер, epiм.
Тәубе деп еңбек еткен дұрыс болар,
Бастығы болсаң-дағы мекеменің.
Министр де, әкім де боламыз деп,
Терлеттік көкелердің шекелерін.
Қайыммен әзілдеген сөзімізді
Шын көріп қалмасыншы көкелерім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу