Өлеңдер ✍️

  01.09.2022
  74


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сізді іздеумен сағынышым сабылып...

Сізді іздеумен сағынышым сабылып,
Түнді кезді тынымсыз.
Мендік үнмен ән салатын қамығып,
Сеземісіз самал желдің мұңын Сіз?!
Сізге деген сағыныштан шарасыз,
Түннің өңі сарғайды.
Қайрылмастан қайда кетіп барасыз,
Соңыңыздан қол бұлғауда бар қайғы...
Мен қаламын тұңғиыққа жұтылып,
Сол қайғылар – сырласым.
Сіз кетесіз қараңғыдан сытылып,
...Қара көзден моншақтатар түн жасын.
Таң оянып, қарар маған таңдана,


Түн-пердені ысырып.
Басын шайқап, жымияды сәл ғана,
Аласұрған көңілімді түсініп.
Табатұғын мұңлық жанның бір емін,
Көрінбейсіз, Сіз, неге?
Күте-күте Сіздің жолды... жүдедім
Жапырақтай сарғаятын күз келе...



Наурыз, 2005




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу