Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  82


Автор: Данте Алигьери

АЛТЫНШЫ ЖЫР

Қайтадан ақыл – сәулем жанды менің;
Әл кете құлаған ем, әсерімен
Қайғылы қаңқалар мен әңгіменің.
4 Қайтадан құлаққа ұрды зарлаған үн;
Қай жаққа қарасам да, қайырылсам да,
Меңіреу түнек болды қармағаным.
7 Үшінші қатта екенмін; тамшылары
Жауынның мұздай қарып қаңқаларды,
Байғұстар мәңгі азапта жаншылады.
10 Кезі жоқ қар, бұршақтың тыншып, тынар;
Дымданған қараңғыда қолқа қаба,
Базданған батпақ иісі тұншықтырар.
13 Үшбасты Цербер жыртқыш, нән құбыжық
Төбетше шабаланар жатқан жұртқа,
Борсыған батпаққа аунап, мәңгі быжып.
16 Қарнымен жер сызады, көз қанталай;
Майлана қара сақал, тырнақтарын
Қадауға қаңқаларға созған талай.
 19 Қаңқалар ұлиды кеп қаншықтардай,
Жауыннан бүрсең қаға бүкшиеді,
Азаппен арбасады балшық қармай.
22 Бізді аңдап, ауыздарын ашты арандай
Сұмпайы Цербер, сол сәт тұла бойы
Қан аңсап, аласұра бастағандай.
25 Жолбасшым жерге еңкейе қарады да,
Толтырып қос уысын топыраққа,
Лақтырды оны обырдың аранына.
28 Төбет те, – шабаланған дәмелене, –
Алданса қу сүйекке, үні өшпей ме,
Ашкөздік көз салғызбай дәнеңеге.
31 Үн шықпай қалды солай Церберден де;
Лас тұмсық, күлімсі иіс бұл құбыжық
Салатын сұлбаларды сергелдеңге.
34 Қақпайлай қаңқаларды қайғы жұтқан,
Аттадық; адым сайын былқылдайды
Кеуек тән бірдеңелер лайға ылыққан.
37 Көз тұнар лайға бөккен сұлбалардан;
Біреуі бізді аңғарып, бас көтере,
Қадады қос жанарын мұңға малған.
40 «Ей, пенде, – деді ол маған, – Тамұқ кезген,
Танырсың мені, бәлкім; бар едің ғой,
Өзім өшіп, сөнгенде жарық көзден.
 43 Мен айттым: «Жан шошырлық кеспіріңе
Қадала қарасам да, оралмай тұр
Ойыма таныстардың ешбірі де.
46 Жөніңді айт, құрдым дүние құрбандығы;
Сәт сайын тауқыметтің зарын тартып,
Тәніңнің қалыпты ғой құр қалдығы».
49 Ол айтты: «Сенің күншіл шаһарыңда
Қырманы қызушы еді-ау қызғаныштың;
Болғанмын мен де олардың қатарында.
52 Мешкей ем, содан «Чакко» аталғанмын.
Сазайын тарттым енді ашкөздіктің,
Бірімін шіріндіге қақалғанның.
55 Мен тектес сорлылардың мәңгі үлесі –
Лайға аунап, іру екен, шіру екен».
Осы сәт кетті үзіліп әңгімесі.
58 Мен айттым: «Чакко, шерлі өкінішің,
Азабың көзіме жас мөлтілдетті.
Әйтсе де, менің де бар өтінішім:
61 Өшер ме өшпенділік қаладағы;
Қайсысы жөн егесіп, таласқанның;
Неден туды араздық аламаны?»
64 Ол айтты: «Болмас жанжал, талас қана;
Қан төгіп, билік алар орманшылар,
Жаулары қуғындалар аластала.
 67 Құлайды олар үш мәрте күн шыққанда;
Бүгінде бұқпантайлап жүрген адам
Қол созар қуғын көріп, тұншыққанға.
70 Бұлар да аналарды жаныштайды,
Ұғынып ұзақ уақыт дәуірлерін,
Дұшпанын тұқыртудан қалыспайды.
73 Екі ізгі бар, тыңдалмас алайда олар.
Менмендік, күншілдік пен қомағайлық –
Үш дұшпан, мәңгі адамзат абай болар».
76 Сөз тынды, бүгіп қалды ол сырын ащы.
Мен айттым: «Қасіретті шыңыраудың
Жайына қанығайын, сырын ашшы.
79 Теггьяйо, Фарината – достары ардың
Болған-ды; қайда олар, жайы қалай
Арриго, Рустикуччи, Москалардың?
82 Тірліктен шындық іздеп, даңқ таба,
Ғұмырын ақыл-ойға жүгіндірген
Жүректі ерлер көкте ме, Тамұқта ма?»
85 Ол айтты: «Халі мүшкіл бұларыңның,
Табарсың қаңқаларын, төмен түссең,
Айызын қандырарсың құмарыңның.
88 Анық қой өз дүниеңе қайтатының,
Сол кезде мен туралы жеткіз елге.
Осы арман – менің ақтық айтатыным».
 91 Қарады ол, көзі сыймай шарасына,
Бүгілді, бетін жаба алақанмен,
Құлады көзі аққандар арасына.
94 Жолбасшым айтты: «Енді ол жатпақ іріп,
Жеткенше періштелер кернейлете,
Өткенше жау төреші қатқа кіріп.
97 Сол сәтте бәрі көрде күңіренер,
Әуелгі әлпетіне қайта оралып;
Құлаққа қияметтің үні келер».
100 Абайлай аяқ басып, алға аттадық
Сұлбалар арасымен; санамызда
Бақилық өмір жайлы ой салмақтадық.
103 Сұрадым ұстазымнан: «Мыналардың
Азабы күшейе ме, азая ма,
Өзгермей қала ма әлде сыналар күн?»
106 Ол айтты: «Ұқтырғандай өз ілімің,
Пәниде қанша мәнді болса жаны,
Бақида да бәсі сол төзімінің.
109 Қарғысқа ұрынғандар айықпайды,
Төтелей жете алмайды кемелдікке,
Бұларға кейіннен де лайық қайғы».
112 Жол іздей лайсаң кешіп, тоңып тұрдық;
Қажеті болмас бәрін тәптіштеудің;
...Келесі қаттың ауызын шолып тұрдық.
115 Қаншелек Плутосты жолықтырдық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу