Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  73


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қараша...

Қараша,
Несін тебіренесің,
Жетпек ем,
“Күттім сені” дегесін.
Өкпелетті ғой,
Сеземін, сені,
Мен емеспін. Ол –
Менің Елесім...
Сезімді тастап, таңдады кекті,
Аралап жерді, шарлады көкті.
Жетімсіретіп,
Жетегіне еріп,
Қайран күнімнің арманы кетті.
Өңімде қуып, түсімде жеттім
“Мейлі, табала,
Түсінбе” деппін.
Мазақ қылғандай сақылдай күлді ол:
“Сенің тірлігің үшін керекпін”.
Менің Елесім
Мен болып күліп,
Алдаған сәтте
Сен жеріп тұрып,
Жек көріп кеттің, білемін, мені,
Жек көргеніңді желмен ұқтырып.


Қараша,
Білем, қамығып қалдың,
Жете алмай саған
Зарығып, талдым.
Жапырағыңды сағынышыма орап,
Жалғанға айтар зарын ұққанмын...
Аспанға қара – нені көресің,
Отыз күн соны көріп... өлесің,
Өзімнен безіп,
Сезімнен безіп,
Кезеді сені
Менің Елесім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу