Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  94


Автор: Жанат Әскербекқызы

Жар жағасы... Жатаған үй.

Қайран ауыл, кешір мені...
Жатаған үй шағын ғана
Естеліктен есімдегі
Бұлдырайды сағымдана.
Ол үй қайда... орны мынау,
Жермен жексен боп кеткен бе?
Сені іздедім, бал күнім-ау,
Ара-тұра кеп кеткенде.
Ауыл, ауыл, айтшы дедім,
Балалығым қайда менің?!
Келді саған қайтшы дегім,
Жүздесейін, айда ма едің?!
Жатаған үй... жұрты қалған
Айналды да мәңгі елеске,
Көкірегіме іркіп алған
Сағыныш боп қалды емес пе.
Жаз жабырқап, күз жылайды –
Ғайып болған бәрі...бәрі...
Арғанаты мызғымайды,
Тек сағыныш зарығады...
Уақытқа тоқтау кәні!
...Жатаған үй... бал балалық –
Жар жағасы жоқтауда әлі,
Түнге жылап, таңға налып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу