Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  97


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ИМПЕРАТОР ТРОЯННЫҢ ҚЫЛЫШЫ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Ұлы Римнің баламасы сықылды,
Адал,
Асқақ дидары –
Император Траян
Уәзірі Сабуранға
Алмас қылыш сыйлады:
«– Рим азды!
Барам аяп...
Жылайын ба егіліп?
Балалары – жалаң аяқ!
Жуандары – семіріп...
Консулға бай бас тартады
Оранып ап шалғынға.
Красстардың дастарқаны –
Ит пен құстың алдында.
Жанарлардан жалын сөніп,
Жансыз қайдан қаптаған?
Ұлы Римнің қанын сорып,
Шелденген – кім? Айт – маған!
Не буып тұр тіл-көмейді,
Неге ел құмар мақтанға?
Сенат неге үндемейді –
Жұрт қырылып жатқанда?!
Тәңірі атсын мұндай жерді!
Ес жи, Рим, бір мезет:
Цицерондар тумай ма енді,
Өңкей тантық тіл безеп?!
Қайда тектің, арыңды – әрі?
Ақ мәрмардай түсі аппақ –
Айдай Рим арулары
Кімді жатыр құшақтап?!
Уа, Сабуран! Маздағанда –
Жүректе ашу ғажап, ә:
Император азбағанда –
Қайран Рим аза ма?!
Армансыз-ақ мен өлейін,
Көңілімнің хошымен.
Рахатқа кенелейін,
Құрбаныңмын осы – мен!
Отанымды орда қылсам
Осыменен қорғарсың,
Қорда қылсам...
Басымды шап – осымен!»
...Өтті-ау өмір, күйіне де,
Көріп тоқтық – боқтықты.
Траян жоқ дүниеде,
Сабуран да жоқ, тіпті.
Красстарша мас боп құлап,
Құлдық саған десек – мәз,
Шабатұғын бас көп, бірақ –
Миы кепкен есек бас...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу