12.08.2022
  137


Автор: Альберт Лиханов

ӘЗӘЗІЛ ДЕГЕН БОЛА МА?

Азаматсың!
Мен селк ете қалдым. Өмір деген қарама-қайшылыққа толы... Ол мені азаматсың дейді, ал шындығына келсек ше? Кейде тіршілікте заңсыз тәсілдердің де қолданылатынын жақсы білемін, айталық, бокста кіндіктен төмен ұруға болмайды. Төмен ұрсаң қарсыласыңның тынысы бітіп, есін жия алмай қалады, сондықтан да егер сен адал адам болсаң, ондай осал жерден әсте ұруға болмайды.
Адал адам. Ал мен болсам адал емеспін, қолдануға болмайтын тәсіл жасап,
«американка» үшін Пуховқа өзімді председатель сайлаттым, одан кейін атамның атағын өз кәдеме пайдаландым. Мұны оған қалай айтармын, айтпасқа тағы да болмайды. Жаңағы тиін оқиғасынан кейін үнсіз қалуы мүмкін емес.
Екеуміз қатар жүріп келеміз. Пимамыздың табанынан қар шықырлайды. Ол күмілжіген қалпы үнсіз келеді, Бір кезде таңырқай тіл қатты:
– Осындай оспадарлар қайдан шығады? – Басым салбырап кетті. Мен туралы айтып келе жатпағаны анық. Жаңағылар жайлы айтып келеді. Бірақ мен жайлы айтып келе жатқандай көрінеді.
Оспадарлық. Егер дүниеде оспадарлық деген болса онда адамгершілік деген де бар ғой.
Менің тіршілігім ше – адамгершілікке жата ма? Мейлі, енді мұның бәрі де өткен шақ болсыншы... Тамағыма әлдене келіп кептелгендей, бірақ мен тістеніп алып, өзімді өзім ұстап келемін. Жаспын деу – жастықтың ісі, өз ісің үшін жауап берер уақыт жетті. Балалардың мынау қорлығы үшін жазықсыз тиінді еш мақсатсыз тағылықпен өлтіргені, он шақтысының бір өзіме жабылып, басымды қарға бөктіргені үшін еңіреуге әзірмін. Иә, мынау шарасыз қорлық үшін еңіреуге әзір едім. Әділетсіздік үшін. Мүмкін, ең алдымен өз әділетсіздігім үшін. Өзімнің ғана.
– Ата, – дедім мен батыл шешіммен. Ол жүрісін баяулатып, бетіме қарады.
– Ата, – дедім тағы да, бірақ ең басты сөзді қалай бастарымды білмей өз ернімді тістедім.
Ол қасын керіп қойып, менің сөзімді үнсіз тосып келеді.
Мен оның бірдеңе дегенін іштей қалып келемін. Әрине, көңілімді демдер сөзін тосып келе жатқан жоқпын.
Бірақ атам тіл қатар емес. Оның үнсіздігі мені қинай түскендей.
Алыстағы крандар темірінің қажала шықырлағанын естимін. Үстімізден ұшып бара жатқан қарғалар қарқылдайды.
Ең ауыр сәттерді күтіп жатқандаймын. «Өз істегеніңді өз мойныңмен көтере біл» деген сияқты мұқату сөзді де тосқандаймын. Бірақ мынаған, атамның ең қорқынышты айыптауы – мынау үнсіздікке даяр емес едім.
Көрдіңіз бе, үлкен кісінің, әсіресе атаңның берер жазасының қандай болатынын. Өмірде ешқандай да қаскөй әзәзіл болмайды. Өзгеде де, өзіңде де.
Тек қана сен, сенің жігер-күшің және сенің су жүректігің ғана бар.
Су жүректікті, тіпті опасыздықты мойындау да – үлкен күш. Мынау меңіреу тыныштыққа шыдар күш табылар ма екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу