Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  450


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ЖАҢАӨЗЕН ТҮНІ

Жаңаөзен түні...
Жылайды шамдар көшеде үнсіз,
Жұпыны жұлдыз, солғындау Ай да.
Жылдарым қайда жүретін мұңсыз,
Көңілдің көркем күндері қайда?!
Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні,
Түбі жоқ түнек жұтады жанды.
Үзіліп сынды үміттің гүлі,
Күйдіріп жанар ар оты мәңгі.
Өксікке толы секілді өмір,
Тұйыққа бастар көшелер сені.
Үйлер де қоңыр, көңіл де қоңыр,
Шаһардан осы іздедім нені?!
Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні,
Қалшылдап жүрек, тоңады жаным.
Үзіліп сынды үміттің гүлі,
Гулейді түннен қобыздық сарын.
Армандар өлген асылып таңға,
Жаншылып сезім жаңа көктеген.
Адасқан жолдар жатады алда,
Беймәлім тірлік кешкен көппенен...
Жаңаөзен түні, Жаңаөзен түні,
Керуен-дүниенің көшеді легі.
Тарқамайтындай жанымның мұңы,
Шаһардан осы іздедім нені?!
Жаңаөзен түні...
Жаңаөзен түні...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу