Өлеңдер ✍️
ҚҰРДАСЫМ НҰРҒАЛИДЫҢ БАЛСҰЛУЫНА МАДАҚ ЖЫР
Саспайсың, асықпайсың, мақтанбайсың,
Сабырдың бойтұмарын таққандайсың.
Қашанда көңіл жайлап, көзің жайнап,
Үстінде құс төсектің жатқандайсың.
Мен сенің қызығамын тоқтығыңа,
Ішіңде кіреуке, кір жоқтығына.
Жансың ғой айтарыңды ұрсып емес,
Жаралған жұмсақ сөйлеп ұқтыруға.
Сен мені көресің-ау кереметтей,
Жалғаншы бояуларға ере кетпей;
Достардың ортасында патшадай боп
Жүремін байлық, мансап керек етпей.
Мен барсам, қос көрпені қабат салып,
Ас үйге жүгіресің табақша алып.
Жайланып қасыма кеп отырасың,
Қазанға сақтаған сүр-тамақ салып.
Келіндер иіледі сәлем етіп,
Жаяды дастарқанды көлемді етіп.
Күткендей өте сыйлы қонағын бір
Қыз, келін шай жасайды жеделдетіп.
Ұл-қыз да, келіндер де өнегелі,
Сендей-ақ болар қазақ енелері.
Ешқашан шын ықылас тозып бітпес,
Көйлек те, көрпеше де көнереді.
Көтерсе мәртебесін балалары,
Сыйлы да, сияқатты аналары.
Отырсың үпір-шүпір ортасында,
Көзіме елестетіп Хауа Ананы.
Сен маған жақсылықты көп тіледің,
Сондықтан «шынайы дос» деп білемін.
«Тас тиіп кетпесін» деп табаныма,
Төсейсің көңіліңнің көк кілемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇