Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  98


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚҰЛАЗЫҒАН ДАЛАДА ЖЕЛ СОҒЫП ТҰР...

Құлазыған далада жел соғып тұр,
Мағынасыз қарағай теңселіп тұр.
Жұртта қалған көңілім алау-далау,
Меңіреулік мелшиген...
Не сұмдық бұл?
Менің жаным қаяулы, замандасым,
Жоғалтқандай арманның ақ алмасын.
Жалын шашпай, жүрегім булығады,
Шоқпыттармен шырмалып қайран басым.
Адамдықты арыммен өрнектегем,
Армандаушы ем «Жазам, - деп, - өрнекті өлең».
Жазда келіп қыс түсті көңіліме,
Гүл-сезімді мұңға орап, жерлеп келем.
Сенуші едім бойымда от барына,
Тамызығы таусылып, тоқтады ма?!.
Құштар көңіл шуаққа бара жатыр,
Жанышталып тағдырдың тоқпағына.
Қашпа менен, жалынам, нұрлы сезім,
Көмілмесін қоқыспен көңіл көзім.
Жеткіз, жырым, тыңдайтын құлақтарға
Таусылмайтын бұлақтай жүрек сөзін.
Мен – адаммын, ерекше құбылыспын,
Қанаты бар қиялда қыран құстың.
Жәндік болып жыбырлап жер басқанша,
Көкте самғап, келеді биік ұшқым.
Мен биікпін, асқақпын Арманыммен,
Жаз жанымды қыс-қырау шалғанымен.
Нұрға аунатып алам да жүрегімді,
Талай әлі қауышам таңдарыммен.
Жүрмесе де өмірде жолым болып,
Қу дүние, көрмеспін құлың болып.
Қоштасармын досыммен, дұшпанмен де,
Қалар бірақ серігім өлең болып.
Өзімді ұстап жүремін байсалды қып,
Дүлей боран көрмеген тайсалдырып.
Тағдырдың тар тізгіні тежемеген,
Әкемдей жаратыпты қайсар қылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу