Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  80


Автор: Бірғали Байекеев

Елтінжалға келіпті ерте көктем

Бойыңда ұмыттырар еркің барын,
Сездірер серіппедей серпін барын.
Ғажайып Ғабең туған алтын бесік


Міне, осы ел аңсары Елтінжалың.
Аялап сәби шақтан еркелеткен,
Көңілін нұрландырып, көркем еткен.
Ғабеңнің жанға құяр жылуындай
Келіпті Елтінжанға ерте көктем.
Келбеті кемеңгердің елібіндей,
Сындары салмақтының сеніміндей.
Жасыны ақ алмастың жарқылындай,
Жасылы жазираның көрігіндей.
Шалғыны арғымақтың жалдарындай
Жалдары құдыреттің бармағындай.
Даласы пейілдінің шырайындай,
Кеңдігі қазағымның арманындай.
Көлдері жанарлардың тұнығындай,
Белдері сұлулардың бұрымындай.
Желдері аламанның жүйрігіндей,
Жолдары жылқышының құрығындай.
Өрлері өрімшінің қамшысындай,
Гүлдері қызыл қанның тамшысындай
Құстары қиялдардың самғауындай,
Тастары сақа асықтың алшысындай.
Қырлары бекіренің білеміндей,
Сілемі палуанның білегіндей.
Орманы парсылардың кілеміндей,
Таулары Тәңірінің жүрегіндей.
Аңдары еркіндіктің еркесіндей,
Биігі буралардың желкесіндей.
Бұлттары ертегінің серкесіндей,
Аспанның тарта жайған көрпесіндей.
Елтінжал ежелден бар сыйласымдай,
Тұр әлі тұла бойда күй басылмай.
Барыңды Маңғыстауға ап мен кетейін,
Қош енді, бауыр басқан қимасым-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу