Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  115


Автор: Рахат Қосбармақ

ТІРШІЛІК

Ай мен Күннің арасында от тасып,
Айла-түлкі «алжығанда» тоқтасып;
Тартылғанда амалының арнасы,
Тауық-шыдам тызақтады шоқ басып.
Жер қозғалса қозғалмайтын нар текті,
Тезіне сап, тез түзейтін тентекті;
Салмағынан қайысатын қара жер
Сабыр деген сары қақпан сарт етті.
Асығысқа апан дайын қайда да,
Беу, төзім-ай, бассыз құсты байлама!
Сабыр-қақпан сабалатқан қанатын
Желік-шыдам жем болды кеп Айлаға.
Кеш өкініп, соң сілтейтін келтекті,
Марғау иттер жатқан тыңдап ертекті
Аттан салып, ауыл-елді оятып,
Ашулана Сақтық-төбет арп етті.
Сақтық-төбет сарбаздарын шақырды,
Шақырды да, шабалана атылды.
Айла-түлкі адастырып кетті ақыр,
Аңқау Сақтық «Арман-ай!» деп, аһ ұрды.
Ақыл жоқта – Айланың да мысы мың,
Қызыл иттің қыжылдаған ішінің
Тереңінде қыңсылайды қысыр үн.
Түнгі ұйқысын түлкі түткен Қожайын
Қоса байлап қойды Күдік-күшігін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу