Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  95


Автор: Баян Тіленшина

Өмір міні

Өмірдің, айтшы, не міні?
Ара мен гүлді теліді.
Ақымақ тудай желпініп,
Ақылды неге жеңілді?
Аспанның соқса дауылы,
Араша түсер Тау-ұлы.
Жапырақ шашын тарамдар,
Жер-ана – Күннің бауыры.
Суық пен ыстық айқасар,
Күш сынасып байқасар.
Суық жел қуып ыстықты,
Ысқыра билеп, той жасар.
Қара жер жатар тұншығып,
Көктесін деп-ақ тіршілік.
Үскірік, шуыл басылып,
Күлсе екен деп күн шығып.
Оң заряд оңды теппей ме!
Оң жаққа теріс беттей ме?
Улы тісті арадан,
Гүл тозаңдап, көктей ме?
Аппаққа жұққыш қара дақ,
Ақ тілек жолы – жарақат.
Ақ қарға әсем ән салса,
Кім оны дұрыс санамақ?
Тұрады-ау өмір іліктен—
Жақсы мен жаман кіріккен.
Ылғи бір аппақ қосылса,
Ақтан да шығар сілікпең!
Ақ сия аққа қонғанда,
Бес саусақ бірдей болғанда,
Түсінік қалай өрбиді,
Теңсіздік болмай талғамда?
Өмірдің, айтшы, міні не?
Кей өлім артық тіріден!
Кей адам жаны көрікті,
Жұмақтың сұлу үрінен.
Кей сұлу суық жыландай,
Ызғар мен удан құралды-ай!,
Мейірман пейіл жәй адам –
Жазулы тұрған Құрандай!
Өмірдің, айтшы, не міні?
Жақсыға жаман теліді.
Жүз алданса жаманнан,
Жақсының өлмес Сенімі.
Ақпенен қара өрілер,
Айқындалып көрінер.
Қаралар жұтып жарықты,
Аппақтан жылу себілер.
Алаяқ болсаң алдайсың,
Төте жолды таңдайсың,
Пәк жанның көлеңкесі боп,
Ешқашан от боп жанбайсың.
Қанттан қаның уланар,
Жазылмай жараң суланар,
Қу түлкі зәлім десек те,
Мүләйім жүзбен туды алар.
Арлының айтар шыны бар,
Адамдық кие – Құны бар.
Арқалар жақсы- жаманды,
Нарға лайық мұңы бар.
Өмірдің міні – қайшылық,
Шаруаның түні – жәйшылық,
Ақынның түні –аспанкөз,
Адымы қашық – айшылық.
Ұйқысы бір түн қанбаған,
Ақындар –теміржанды адам!
Нәп-нәзік гүлдей сезімін,
Жүрегін Арға арнаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу