Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  122


Автор: Ғали Орманов

ЖЕР ҚУАТЫ

Туған жер! Сонша саған сүйінемін,
Секілді саяң ылғи үйім менің.
Төріңде аунасам да, ойнасам да,
Шертесің көңілімнің күйін менің.
Арнаған несібең көп, білем, маған
Сан жылдар сақтағандай сүйген анам.
Көңілі көп дəметіп, қолын созған
Мен сенің секілдімін күнде балаң.
Жазда бір шалғыныңа жатсам да аунап,
Жанымда жамырайды жасыл бау-бақ.
Талпынып сенің жылы көкірегіңнен
Тұрғандай сезем ылғи өлең қаулап.
Сүйсініп шомылсам да бұлағыңа,
Жатады жыр жаңғырып құлағыма.
Көздері көп өмірдің күлімдейді
Күніңнің масайраған шуағында.
Сынысқан, көк мұнарлы қарағайың
Сызыла сыр шертеді маған дəйім.
Көп үнді қилы сырнай қосылғандай,
Күй төгіп сыңғырайды өзен, сайың.
Кейде бір қылаңытқан қайың көрсем,
Жарымның елестетем шағын əсем.
Осылай жүрегімді тербетпесең,
Сол ғұрлы сені сірə сағынбас ем!
Сүйкімді маған тіпті шөп пен бұтаң.
Көзге бір көрінбейсің кеусеп жұтаң.
Түспеген жыл арқауы тұрпатына,
Туған жер, сонша өзіңді арқа тұтам.
Қай заман сен əлемде жасағалы!
Алдыңда алпыс тіпті жас-ау əлі!..
Сеземін өзімді мен сəбиіңдей,
Десе де жұрт қаншама: шашы ағарды...
Көрінсе көркің көзге жылда көктеп,
Жасартса дидарыңды жұрт өрнектеп,
Кеудеме күнде лебі қуат құйып,
Жуырда қартайтпайтын мені сол тек.
Келсем де алпыс түгіл тоқсан жасқа,
Бекір ем жыр жазудан тоқталмасқа...
Туған жер, жүрегіме дем бере гөр,
Жанымның жазын əсте тот шалмасқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу