Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  115


Автор: Ғали Орманов

ƏДЕТ КҮШІ

Ойларым кейде маған тыным бермей,
Кетемін темекі уын бұйым көрмей.
Шылымды шиырылдыра тартамын кеп,
Шүйкелеп көк түтінді иіргендей.
Тұрса да кейде тіпті үй булығып,
Қағаздан бас алмаймын ылғи бұғып.
Сарғайтып саусағым мен сарайымды
Жатқанын елемеймін уы жұғып.
Ол менің ой үстінде қорегімдей,
Қимаймын кенет берген көмегін кей,
Жұрт бірақ сырттан маған таңырқайды
Зиянын жүр екен деп неге білмей?
Əрине, ол кінəмді сезем өзім,
Білемін улықтырған нелер кезін...
Алайда соған бұрын ұмтыламын,
Алдымнан ашатындай өлең көзін.
Шағымда денеме уы жұғып болған,
Десем де маңайына жуық барман.
Қолыма қағаз алсам, соны іздеймін,
Адамдай əлденесі ұмыт қалған.
Осыны басынан кім көп өткерсе,
Жайымыз жадыға ұқсас теңеп көрсе...
Дегенмен азабына көнер едім,
Ойлаған өлеңіме көмек берсе!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу