Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  202


Автор: Ғафу Қайырбеков

Өткен жаз өң мен түстің арасындай...

Өткен жаз өң мен түстің арасындай,
Көрінер кешкен жылдың бəрі асудай,
Туған жер бір баласын тойлап еді,
Көзінің ағы менен қарасындай.
Қиналмай суреттеуге сөз таба алмай,
Тереңнен тебіреніп қозғай алмай,
Халықтың кереметтей шығармасын
Қолыңмен көшірудің өзі обалдай.
Қиялмен сол күндерге жиі оралам,
Өмірінің ғажап сəтін қия ма адам?
Дуымен, думанымен, мың əнімен
Орнайды алдыма кеп дүние-ғалам.
Мен соның тəңірісіндей, қожасындай,
Еліне өзі түгіл, сөзі асылдай,
Алайда отырамын ойға шомып,
Бұлақтың кеудемдегі көзі ашылмай.
Соларды жазу емес, көру – арман,
Көңілде көлеңкесіз көбі қалған,
Көрем мен əр адамның кескін-кейпін
Ол тойда ойдан кетпес болып алған.
Бейне бір өз қызығы, мерекесі, –
Дариға-ай өсіп еді ер өркеші,
Əр тойшы өзіне-өзі болған патша, –
Жалғыз-ақ көктің құлы, жер еркесі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу