Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  120


Автор: Ғафу Қайырбеков

Туған аудан сағынып...

Туған аудан сағынып,
Көргім келер жылма-жыл.
Қайтқан қаздай сабылып,
Қайтсе көңіл жолға əзір.
Көрсем деймін жаңалық –
Мəз боламын балаша.
Бір шыбығың қадалып,
Бір кірпішің қаланса.
Ескі еңбегің көп еді,
Не өндірдің жаңадан.
Мен барғанда жоқ еді, –
Жол келді ме қаладан?
Саман үйлер көшті ме,
Жамау тымақ секілді?
Жаутаңдамай ешкімге,
Таптың ба өз бетіңді?
Тазарттың ба көшеңді,
Жататұғын құм сауып.
Көтердің бе еңсеңді,
Қатар-қатар үй салып?
Кіндік мекен – Шұбалаң,
Биыл қалай қамысың?
Ылғи саған көңіл алаң,
Сен дүниеде бар үшін.
Тасыды ма көк Торғай,
Қырға қашып шортаны?
Аршылды ма қап қоймай,
Соры менен сортаңы.
Бөгелді ме көк айдын,
Бөгеді оны – айт, кімдер?
Жаздыгүні болмайтын,
Ауыз суды қайттіңдер?
Сықырлауық самолет,
Аспаныңнан кетті ме?
Асфальтыңмен қара көк,
Автобустар өтті ме?
Алыс едің, шет едің,
Пайдаланбас барды да.
Менің аңқау мекенім,
Теледидар барды ма?
Сен көрсін – деп, мен содан,
Жиі-жиі сөз алам.
Қайда жүрсем аңсаған,
Бозғыл жусан, боз далам!
Болар, болар бəрі де,
Болуға əркім құмар ғой.
Алды соның қазір де,
Болып жатқан шығар ғой.
Мен сенемін күніме, –
Күшіне оның дау айтпан.
Көрдім ғажап дүние
Гүлге айналған құмайттан.
Жоғыңды айтып мұңданба, –
Бейнең тез-ақ өзгерер.
Коммунистер тұрғанда,
Ғажап істі көз көрер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу