Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  141


Автор: Сағи Жиенбаев

КӨКТЕМ СӘУЛЕЛЕРІ

Билейді белін мың бұрап,
Найзағай бұлттың ішінде.
Көтеріп басын гүл-құрақ,
Қарайды сол бір мүсінге.
Ақ жасыл – алтын сынадай,
Ағады кейде көк тіліп...
Жалынына оның шыдамай,
Жарқылдап жанып кетті бұлт.
Ашылды таңның нұрымен
Аспанның көзі жаудырап,
Құлынның нәзік үніне
Даланың бойы балбырап.
Шығып ап еркін көгіне,
Қанатын ерке жайқалтып,
Барады құстар жолымен,
Ауаны көлдей шайқалтып.
Жалтылдап жалы, асқардан,
Жарысып ойнап, аптығып,
Соғады жақпар тастарға,
Толқынды толқын лақтырып.
Кеудесін күнге сүйдірген,
Шалғындар баяу бас шұлғып,
Бөлініп қалған үйірінен,
Қарайды жуас ақшыл бұлт.
Балқытып бірден ерткен мұз
Бір ғана назды қабақпен,
Келеді қырда көктем-қыз
Көгілдір жібек қанатпен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу