Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  145


Автор: Сағи Жиенбаев

Көңілімнің күні болып жүр Анам...

Көңілімнің күні болып жүр Анам,
Көз алдымда сол жүргесін жұбанам.
Әйтпесе, мен ес білгелі жоқ әлі
Біздің үйде бір адам.
Ел де көрді,
Мен де көрдім соққыны,
Бала кездің өтті алаңдап көп күні.
Біздің үйде тұрады ылғи білініп
Бір адамның жоқтығы.
Жүргендей ол осы маңда – жақында,
Кейде маған беретіндей ақыл да...
Біздің үйде шауып жүрген бөбектің
Бәрі соның атында.
Есімде жоқ –
Қандай еді түрі оның,
Бірақ бәрін сезетіндей жүрегім.
Соны күтіп біздің үйдің төрінде
Бос тұр әлі бір орын.
Бір үміт бар ұялаған кеудеме,
Айтам оны жұлдызға да, желге де.
Әлі күнге өзі келіп қалардай,
Отырмаймын төрге де.
Өтті-ау жылдар...
Неге мұнша кешікті!
Кеткенін де...
балаң сенен есітті.
Келгенін де
Білмей қалып жүрмейік,
Бекітпе, апа, есікті...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу