Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  74


Автор: Мәди Қайыңбаев

ЖАЙЛАУДА

– Қасқырлар шапты!
– Қасқырлар!..
– Қасқырлар, қара басқырлар!
...Жайылған отар дүрлікті
Бытырап тастың астында əр,
Қасқырлар, қара басқырлар!
Жел де оған, міне, өкпелі,
Еңкейді күн де көктегі.
Болды да кетті қым-қуыт
Қасқырлы таудың бөктері.
Айқайлы,
Шулы,
Қиқулы
Мына сай неткен сиқырлы!
Жарысып қойшы даусымен
Абалап ауыл иті үрді.
Қой болса-дағы асығып,
Жеткенде шұбап, жосылып,
Қарсы алды жасыл жайлауы
Қойнына қасқыр жасырып,
Асылық болды-ау, асылық!
Жұрт біткен сайға ағылып,
Қорғады қойды жабылып...
Иірілді отар ит пенен
Адамнан қамқор табылып.
...Бəрі де енді тойлауда
Жеттік деп жасыл жайлауға!
Жұпарын шашқан қойнауда
Желіге жылқы байлауда!
Жел сипап алтын айдарын
Жасырды бетін Ай да əрі.
Жеп жатты бəрі жайдары
Қасқырдан ешбір қаймықпай
Сол қорғап қалған қойларын...
Тасытып судай көңілді,
Əн менен күй де төгілді!
Шал мүжіп басты тамсанып,
Ит болса сүйек кемірді!
...Күрделі-ау!..
Қатал соншалық!
Əйтсе де сүйем Өмірді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу