Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  64


Автор: Мерғали Ыбыраев

Өткен қыс этюды

Бұғауынан босана алмай бір күштің,
Тым ұзаққа созылғаны-ай, бұл қыстың.
Аспан емес, аспан түстес көгілдір,
Қабағынан қар жауып тұр Шыңғыстың!
Түрпідейін түнеріңкі қас-қабақ,
Тау ішінің тіршілігі басқарақ:
Түлкі – жортақ, қоян – қорқақ, қарсақ – сақ,
Арқар – арық, арлан қасқыр – ашқарақ.
Сай-саланы басып қалған қар қалың,
Аттай алмас атан түйе қарға адым.
Тас түбінде ажал тапқан түлкіден,
Қопсып жатыр қауырсыны қарғаның.
Осылайша өте ме екен жылда қыс,
Қурап, сынып, аласарған ну қамыс.
Нән құлжаның сақалына мұз қатып,
Мәлін жүні ұзарыпты бір қарыс.
Айғыз-айғыз көп тұяқтан кіршең қыр,
Көде – мыртық, қияқ – тұқыл, ши – селдір.
Балақ жүні құмалақтан көрінбей,
Қой шетінде арық тоқты бүрсең жүр.
Өріс тыныш... Бораны өткен ақпанның,
Наурыз – шуақ қабығында көк талдың.
Күнгей жақта күн қыздырған денесін,
Күтірлейді омыртқасы ақ қардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу