Өлеңдер ✍️
ГАНГ. КӨЗ ЖАСЫ
Ғұмыр сүрсең ғұмыр бойы пендеше,
Тозақ жақта тоз-тоз болғың келмесе,
Жағасында дәлізі бар жұмақтың
Жан тәсілім қыларыңда, ендеше,
Гангке тарт! Жұмақ – алда, тарт алға!
Жалпақ жолда көстеңде, иә балпаңда.
Одан артық сызық жоқ қой көгілдір,
О, Индия, сенің көне картаңда.
Әнші, күйші, ұста, не бір әз дана,
Өлгеннен соң, қойылады аз ғана
Гангтегі сөрелерге, – қиқулап,
Қонады оған тықыр мойын тазқара.
Алдыңда тұр, ненің еті, жем нендей,
Қарамайды даяшы әкеп бергендей,
Шоқып-шоқып, паң бұрады мойынын,
Рейхтың гербісінен келгендей.
Жұмақты ойлап, өлдің, біттің, кетті есің,
Рас бірақ, аралайсың көк төсін –
Қылша мойын тойса әзерге ұшатын,
Тазқараның жемсауына жеткесін.
Сопы қарттар саудыраған сүйегі,
Суын көрсе, кемсеңдейтін иегі.
Ганг неге бар өзеннен әулие,
Ганг суы не себептен киелі?!
Көк нөсерге малшынғанда бір ай бақ,
Сел жүрсе де балшық айдап, құм айдап.
Ешқашан да Ганг түсін бұзбайды,
Ештеме оны кете алмайды лайлап.
Біледі үнді егін салған, еккен гүл,
Жерден – ағаш, көріп тұр ғой көктен – нұр.
Ұлы өзеннің мөлдір емес кезі жоқ,
Ұлы Ганг мәңгі-бақи мөп-мөлдір.
Ашокадан аумайтұғын көз-қасы,
Ешбір жұртқа тиіспеген өз басы.
Ұлы Ганг лайланбас ешқашан,
Индия атты ұлы ақынның көз жасы.
Ер көрсетем деген оймен ез басын,
Болады деп енді біздің сөз басым,
Лайлауға тырысқандар болған-ды,
Гангке ұқсас Пушкин, Абай көз жасын.
Жер бетінде сенен гөрі даңқты,
Жырлаған соң даңқты, ұлы халықты,
Ұлы ақынның көз жасына тиіспе,
Лайлауға тырыспағын Гангті!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter