Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  195


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Үп еткен жел жоқ, күн тымық...

Үп еткен жел жоқ, күн тымық,
Гүлдер тұр күнге ұмтылып.
Тілейді жаным нөсерді,
Жүрегім қатты бұлқынып.
Қиялым шалқып өсе ме?
Симаймын тіпті көшеге.
Далаға кеткім келеді,
Қаланы абат десе де.
Асыр сап кетер көк белде,
Думан-той күнде жоқ менде.
Тұрғанда шарам таусылып,
Ұқсайды қысқа көктем де.
Жүрсе егер жырым үзілмей,
Ұқсайды жазға күзім кей.
Көңілім менің екі ұдай
Семсердің екі жүзіндей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу